Білім

Мектеп түлектеріне Ұлттық Біріңғай Тестілеудің жаңа форматы түсіндірілді

Кейін, жастарды алгебрадан бақылау жұмысы күтіп тұр. Мұнда гуманитарлық бағыт бойынша білім алатын оқушы – 5, ал жаратылыстану ғылымдарын таңдағандар 6 есеп шығарады. Бұнымен қоса міндетті түрде Қазақстан тарихы пәнінен де ауызша тапсырма орындау қажет.

Валентина Черных – СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

– Түлек Қазақстан тарихы пәнінен тапсыратын емтиханда 30 билеттің біреуін таңдайды. Осылайша ол 3 сұраққа жауап береді. Бұл үшін ережеге сай 20 минут беріледі. Оқушы карта, кестелермен жұмыс жасайды. Ал, соңғы – таңдап алған пән бойынша мектеп бітіруші 30 сұрақтан тұратын тест орындайды. Тапсырманы 80 минуттың ішінде аяқтау қажет.

Залға жиналған оқушыларға, әсіресе ҰБТ өзі қызықты болды. Маңызды сынаққа түскелі отырған олар білім басқармасының мамандарына көкейлеріндегі сұрақтарын қойып әлек. Жастардың жолдаған сауалдарына Валентина Черных жауап қайырып, барлық өзгерісті бүге-шүгесіне дейін түсіндірді.

Валентина Черных – СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

– ҰБТ-да шектік ұпай сол қалпы – 50 балл. Ал талапкерлер 3 жарым сағаттың ішінде берілген 120 сұраққа жауап берулері қажет. Міндетті үш сабақта оқушының функционалдық және логикалық сауаттылығы тексеріледі. Олар мәтінмен жұмыс істейді. Профильді пәндерде 30 сұрақтың 10-нда екі немесе одан да көп жауаптар болады. Ал қалған үш пәнде бір дұрыс жауабы бар 20 сұрақ беріледі.

Тағы, жиында оқушыларға ҰБТ тапсыру кезіндегі тәртіп түсіндірілді. Оларға орын ауысуға, калькулятор, ұялы телефон қолдануға болмайды. Тек, Менделеев кестесін бірге алып кіруге рұқсат. Түлектер сынақты мектеп қабырғасында бойға сіңірген өз білімдері арқылы өткереміз деп отыр.

Сәбит Ибраев – Қазақ мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы:

– Өзім филолог маманы болғым келеді. Сол себепті қазір мұғаліммен дайындалып жатырмын. Кітап оқып, тест жаттаудамын.

Айта кетейік, биыл өңірде мектепті 3 жарым мыңнан аса түлек тәмамдамақ. Оның 2500-ге жуығы ҰБТ бақтарын сынауға ниет білдірген.

 

Байболат Құлтанов