ТЖ

Ғ.Мүсірепов және Айыртау аудандарындағы жағдай тұрақталды

Рүстем Жұмағалиев, СҚО ТЖД Бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызмет басқармасының бастығы:

– Қазір Ғ.Мүсірепов ауданындағы жағдай қалыпты. Судың беті қайта бастады. Үйлерге кірген су да кетті. Кей тұрғындар баспаналарына оралып жатыр. Қазір қолымызда 80 бас қой мен 12 шошқа суда сіресіп өлген деген дерек бар. Осы сынды шығын мөлшері саналып жатыр. Ал, Сергеев су қоймасындағы тіршілік көзінің мөлшері төмендеді. Кеше ондағы ернеуінен асқан су мөлшері 3 метр 37 см болса, бүгін 10-15 см ортайған.

Осы орайда айта кету керек, «Ватсап» месенджері арқылы тұрғындар арасында Сергеев қаласындағы кәріздік желіні су шайып кеткендігі жөнінде хабарлама тараған болатын. Онда қайнатылмаған суды ішуге болмайтындығы айтылған. Алайда эколог мамандар ол шындыққа жанаспайды дейді.

Азамат Бектасов – СҚО бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы:


–  Біздер табиғатты қорғау прокурорларымен Сергеевка қаласындағы су көзін тексеріп қайттық. Таратылған ақпарат расталмады. Жергілікті билік өкілдері ол жерде жұмыс жасап, дамбаны күшейтіп жатыр. Олар да экологиялық апатты болдырмау үшін бар жағдайды жасауда. Экология департаменті күн сайын сараптама шараларын жүргізіп, жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Ал, тұрғындардың елеңдетіп отырған тасқын қазір жылдам ағынмен Есіл ауданына жеткен. Қауіп аймағында Николаевка мен Жарғайың ауылдары тұр. Қос елді мекеннен 204 адам қауіпсіз аймаққа көшіріліпті. Әрі қарай қызыл су Қызылжар ауданына келеді деп күтілуде. Облыс орталығының іргесінде тұрған ауданда 12 үйге су кіру қаупі бар.

Рүстем Жұмағалиев, СҚО ТЖД Бірыңғай кезекшілік диспечерлік қызмет басқармасының бастығы:

– Су тек Покровка және Новоникольское селоларының маңында көтеріледі деп күтілуде. Қазір ондағы ешбір үйді су алған жоқ. Ал, қызыл су кіреді ау деген 11 елді мекен бар. Олар Шал ақын, Есіл және Қызылжар аудандарында орналасқан. Жағдай – бақылауда. Су бірнеше күннен кейін Петропавлға жетеді және Заречный кентіне кіреді деп күтілуде.

Тілшілерді қызыл судың екінші толқыны болуы мүмкін бе деген сұрақ мазалады. Құтқарушылар қазір жағдай тұрақты, бірақ бәрі Астанадағы су қоймасы мен Ақмола облысынан келетін судың беталасына байланысты деп отыр. Әлі ешқандай болжам жоқ. Сондықтан, Есіл өзенінің маңында орналасқан ауыл тұрғындарына арқасын кеңге жаюға әлі ертерек. Бұл ретте күндіз-түні 80 құтқарушы мен 15 бірлік техника жатпай-тұрмай кезекшілік атқаруда. Арнайы бекеттер де құрылған.

 

Култанов Байболат