Билік

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов БАҚ өкілдерімен кездесті

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Теріскейліктер ауыл шаруашылығы әлеуетін толығымен пайдалана алмай отыр. Кейбір шаруалар мемлекеттен субсидия алып, түк бітірмей жүр. Жылда қамбаларға түсетін сары бидайдың барлығы 4-ші, 5-ші сыныпқа жатады. Бұл агротехникалық шаралар мен технологияның дұрыс сақталмай жатқандығын білдіреді. Бұдан былай жерді тиімсіз пайдаланғандар мен жұмысшылардың еңбегін тиісті бағаламағандарға аяушылық танытпаймыз. Адал еңбегімен еліне еленген, халқының қамын күйттеген Еркебұлан Мамбетов сияқты азаматтарға зор қолдау көрсетеміз.

Аймақ басшысының айтуынша, жері құнарлы, шөбі шүйгін аққайыңдар өлкесінде өндірілетін ет, сүт және бидайға сұраныс өте жоғары. Бірақ, істің ебін тауып, тауарын бәсекеге қабілетті етіп отырған азаматтар некен-саяқ.

Жарасбай Сүлейменов – Солтүстік Қазақстан газетінің бас редакторы:

– Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеп шетелге сату керек. Өнімнің өзіндік құны артады.

Аймақ басшысы күрмеуі тарқатылмаған мәселелерді тілшілерден жасырмады. Айталық, өңірдегі кәсіпорындар мен зауыттар толық қуатында жұмыс істемей тұр. Алда өндіріс қуаттылығын 2 есеге ұлғайту керек. Мал шаруашылығы кенжелеп қалған. Еңбек нарығында жағдай тұрақсыз. Көп жерлесіміз маусымдық жұмыстарға ғана тартылады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Көршілес Ақмола, Қостанай облыстарының ауыл еңбекерлерінің жалақысы теріскейліктерден жоғары. Олар да негізінен өсімдік, мал шаруашылығын кәсіп етеді. Біз жуық арада ауыл шаруашлығындағы барлық потенциалымызды қолданып, еңбек өнімділігін арттыруға тиістіміз.

Құмар Ақсақалов кездесу барысында жоспарларымен бөлісті. Келешекте 13,5 мың солтүстікқазақстандықты тұрақты еңбекпен қамту көзделуде. Биыл құрылыс жұмыстары 2 есеге көбейіп, облысымызда жалпы аумағы 220 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі :

– Өңір құрылысшылары кірпіштерді өзге өңірлерден алдыртады екен. Біз келешекте өзіміздегі кірпіш зауыттарының жұмысын жандандырып, құрылыс нарығын өзімізде шығарылатын материалдармен қамтамысыз етуге тиістіміз. Қаражатты сыртқа шығару дұрыс емес. Біз жергілікті бизнесмендерді қолдауға екпін беруіміз керек. Келешекте Петропавлда бірнеше мектеп салу жоспарымызда бар. “Жас өркен” ауданында зәулім театр және теннис корты тұрғызылады. Адам көп бармайтын саябақтарға ойын және спорт алаңдары орнатылады.


Құрылыс тақырыбы қозғалып жатқан кезде журналистер Айыртау ауданындағы ежелгі “Ботай” қонысы туралы сөз қозғады. Аталған жерде ашық аспан астында мұражай-кешен ашу жоспарда бар болатын.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тиісті министрлікке сіздің ұсыныңызды жеткіземін. Олар аталмыш жобаны арнайы әзірлеп жатқан тұжырымдамаға енгізуі мүмкін.

Оңтайлы сәтті пайдаланып тілшілер қауымы жол, Булаево-Иссык-куль бағытындағы электр пойызының жүру кестесі, халықаралық әуежайдың жағдайын қозғады. Басқалары тақырыпты көктемгі су тасқынына ойыстырды. Өңірдегі гидро құрылымдардың жағдайын сұрады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жауын-шашынның әсерінен өңірдегі 250 үйдің ішіне су кірді. Соның 7-еуін қалпына келтіруге келмейді. Ғ.Мүсірепов ауданында жеке кәсіпкер малдарынан айрылды. Біз оның шығынының орнын толықтыруға қол ұшын береміз. Бүгінде 11 елді мекенге қызыл су жетуі мүмкін. Сергеев су торабынан босатылған су 2 күннен кейін Петропавлға келеді. Негізі аймағымызда 4 гидротораптың жағдайы мәз емес. Биыл бөгенді бекіту жұмыстарына қаражат бөлеміз.

Сөз соңында Құмар Ақсақалов БАҚ өкілдерімен етене жұмыс жасайтындығын айтты.

Берік Қасен