Қоғам

Петропавлда биылғы көктемнің алғашқы сенбілігі өтті

Айгерім Ержанова,тілші:

–  Петропавлда жалпы қалалық сенбілік басталды. Осы орайда, жүздеген қала тұрғыны қолына сыпырғыш пен тырнауыш алып, щаһарды қоқыстан тазартуға шықты. Жұмысқа білек сыбана кіріскен жерлестерімізге жел мен жаңбыр да кедергі болмады.

Бұл күні қалалықтар өте белсенді болды. Мәселен, таң атысымен Жұмабаев және Интернационал көшелерінің қиылысында орналасқан мына аулада жұмыс қызған. «Миг СКО» ПИК қарасты 3 үйден 30-ға тарта адам шығып, маңайларын тазалауда. Ер азаматтар ағаш бұтақтарын кесіп, қоқысты жинаса, әйелдер жағы ағаш түптерін ағартуда. Ол үшін тұрғындар өз қаражаттарына 10 келі әк алыпты.

Гүлнара Кәрібаева – «Миг СКО» ПИК төрайымы:


–  Ауламызды тазалауға біз жұма күні кірістік. Осы маңдағы мына 3 үйде тұратын ата-әжелердің бәрі шықты. Ал қазір біз ағаш жапырақтарын сыпырып жинап, тазартудамыз. Келесіде сыр алып, ауланы түрлі түске бояймыз деп жоспарлап отырмыз. Тұрғындар белсенділігі қуантуда. Бұл өзіміз үшін керек қой.

Себілік басталысымен, шаһарда аббаттандыру жұмыстары да қыза түсті. Бұл күні Петропавл көшелерінде 2000 түп жас ағаш отырғызу жоспарланған.

Асқар Тастеміров – Петропавл қаласы ТҮКШ автомобиль жолдары секторы бөлімінің маманы:

– «Петропавл Коммунхоз» ЖШС жұмысшылары Уәлиханов, Сүтішев көшелері бойында 200 түп қарағай отырғызады. Сонымен қатар, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы денсаулық сақтау және білім мекемелеріне 1200 түп алма, мойыл және қайың ағаштарын бөліп отыр.

Биылғы көктемнің алғашқы сенбілігіне 1100 ұжым қатысып, 32 мың петропавлдық қаланы тазарту жұмыстарына ат салысты. Нәтижесінде шаһардан 400 тоннадан астам қоқыс шығарылған. Енді дәл осындай шара сәуірдің 22-сі, 29-ы және мармыр айының 6-на жоспарланып отыр.

 

Айгерім Ержанова