Қоғам

Биыл Петропавлдың негізгі көшелерінің бойына 17,5 мың көшет отырғызылады

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Шаһарымыздың магистралді көшелеріне 17 500 түп ағаш отырғызылады. Ішінде қарағай, шетен, жабайы алма көшеттері бар. Сонымен қатар жаңа үйлер тұрғызылып жатқан “Береке” ықшам ауданында мың көшетті отырғызу жоспарда бар. Сіздің тапсырмаңыз бойынша бұл жұмыстар басталып кетті. Материалдардың барлығын өңірдегі орман шаруашылықтарынан алып жатырмыз.

Облыс орталығын абатандыру жұмыстарымен 6 бірдей бригада айналыспақ. Осы іске тұрғындар да қол ұшын бергені дұрыс. Сонда ғана азаматтардың туған жерге деген сүйіспеншілігі арта түседі деді аймақ басшысы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Қалада сенбіліктерді мейлінше жиірек өткізген дұрыс. Шаруаға еңбек ұжымдарын, тұрғындар мен бизнесмендерді тарту қажет. ПИК-тері тұрғындармен бірігіп, үйді және ауланы қалпына келтіруге тиісті. Бордюр тағы да басқа материалдар керек болса мемлекет жеткізіп береді. Ал оны тұрғындар өз күштерімен орнатып алсын. Сонда ғана ауласындағы әр бұйымға ұқыпты қарайтын болады.

Биыл қалалықтар көп серуендейтін Қазақстан Конституциясы көшесі де адам танымастай өзгереді. Көзге көмескі көрінетін сұр кеспе тастардың орнына түрлі түстісі төселіп, жан-жағы көгалдандырылады. Сосын 40 жылдан артық өсіп тұрған маңайдағы ағаштар түп тамырымен жұлынып, орнына көшттер ортырғызылады. Ағаштың саясында демалатындарға арналып 32 орындық, сәйкесінше сонша қоқыс жәшігі орнатылады. Оларды жергілікті “Стронг Сервис” серіктестігі жасайды.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Сондай-ақ, шаһардың ажарын шетен, жабайы алма, бөріжидек, шегіршін сынды ағаштар аша түспек. Олар 2 қатарға ұзыннан ұзақ бұталы қоршау сияқты отырғызылады. Оның жалпы ұзындығы 25 шақырым болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Осылай жыл сайын көп ағаш отырғызу жұмыстарын жалғастыра берсек, Петропавлды жасыл қалаға айналдыратын күніміз алыс емес. Қала тұрғындары мен қонақтары серуен құрғанда кең тыныстап жүреді. Ағаштарға ерекше күтімнің де қажеті жоқ. Өйткені солтүстікте ауа ылғалды келеді.

Бұдан бөлек қала ішіне барлығы 530 мың дана қызылды-жасылды тірі гүлдерден кілемдер төселеді. Коммуналдық кәсіпорындар бұл іске мамырдың 1-і кіріспекші.

Берік Қасен