МТРА жаңалықтары

Баскетболшы И.Нанаевтың өліміне қатысты істің соңғы нүктесі қойылды

Күдікті Динаш Қайбаров баскетболшы Игорь Нанаевтың өліміне кінәлі екенін мойындаған жалғыз айыпталушы. Оны сот 9 жылға бас бостандығынан айырды. Қалған 4 жігітке кесілген жаза 8 жыл.

Михаил Гусев – Петропавл қалалық сотының судьясы:

– Әскеров ҚР Қылмыстық Кодексінің 293-ші және 106-шы бабы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын жалпы режимдегі түзету мекемесінде өтейтін болды. Дәл осындай жаза Меңдібаев пен Еламанға да қолданылады.

Айыпталушы Бауыржан Мақатов та 8 жылын темір тордың артында өткізбек. Бірақ үкіммен оның ата-анасы мүлдем келіспеуде. Басты себеп – оның бұл іске қатысы бар екендігін дәлелдейтін нақты айғақтың жоқтығында.

Жанар Мақатова – Бауыржан Мақатовтың анасы:


–  Бір куәгер тергеу кезінде 5 рет өз сөзін түрлендіріп айтты. Оның қайссына сеніп, шешім шығарылды.

Үкім кесілді. Бірақ сотталушылардың жақындары мен қорғаушылары соттың үкімімен келіспей отыр.

Айгүл Айбасова – Меңдібаев пен Еламанның қорғаушысы:


–  Менің қорғауымдағы айыпталушылар Меңдібаев пен Еламанға дұрыс үкім шығарылмады. Біз онымен мүлдем келіспейміз. Оған себебіміз де жоқ емес. Мәселен, ІІД-нде тергеу кезінде куәгерлердің кейбіреулері масаң болған. Ол видеожазбаларда да байқалады. Мас күйінде адамдар өз ойларын дұрыс жеткізе алмайды ғой.

Сот шешімі 15 күннің ішінде заңды күшіне енеді. Осы уақыт аралағында айыпталушы тарап сот үкіміне қарсы шағым түсіруге құқылы.

Айгерім Ержанова