Қайырымдылық

СҚО мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қайырымдылық акциясы өтті

Бар болғаны бірнеше миннуттың ішінде жәрмеңкеге келушілер қолөнер туындыларының жартысын сатып алыпты. Мәселен, мына ойыншықтың бағасы – 500 теңге. Оның біреуін тігу үшін бұл ұл-қыздардың бір аптаға жуық уақыттары жұмсалған.

Анастасия Швец – «Солнечный дом» ҚҚ президенті:

– Біздің балалар сатылымға қойылған әр затты үлкен махаббатпен орындайды. Өйткені, оларға қолөнермен айналысу ұнайды. Бүгінгі акцияға біз асүйдің қабырғаларына арналған картиналар мен жұмсақ ойыншықтар, түрлі-түрлі кәдесыйлар әкелдік. Келушілерге ризамыз. Бұйымдарымыз жақсы өтуде. Бұл балалардың да көңіл-күйін көтереді.

Қазір «Солнечный дом» ҚҚ қатарында даун синдромына шалдыққан 40-қа жуық бала бар. Денсаулықтарында кемістіктері болса да, бұл ұл-қыздар өте дарынды. Бірі сурет салуды ұнатса, енді бірі қолөнерге әуес. Сондықтан, олардың туындылары сатылымға шығарылып тұрады. Ал, одан түскен қаражат балалардың қажеттіліктеріне жұмсалады екен.
Айту керек, аталмыш шара «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында өтуде.

Нұрсаят Сәркен – «Нұр Отан» партиясы СҚОФ консультанты:

– Бүгінгі іс-шараға 22 ұл-қыз қатысуда. Олар өздерінің жасаған заттарын жәрмеңкеде сатады. Ол үшін біз арнайы кәсіпкерлерді шақырдық.

Ерекше ұл-қыздарды қолдауға бокстан ең жеңіл салмақтағы әлем чемпионы, жерлесіміз Жанат Жақиянов та келген. Бүгін ол мұндағы қыз-жігіттермен арнайы фотосессия өткізбекші. Ал, әзірге бәрі балалардың өнерін тамашалауда.

–  Жәрмеңке мен концерттік бағдарламадан бөлек, бұл жерде НЗМ студенттері келушілерге шеберлік сыныптарын ұйымдастыруда. Мәселен, Жұлдызай мен Сабина кестелеп тігін тігудің әдіс-тәсілдерін көрсетуде. Ал мына жақта сурет салудың қыр-сырын үйренуге болады.

Дәл осындай қайырымдылық акциясы өңір аудандарында да өткізілуде.

Айгерім Ержанова