Мәдениет

Петропавлда Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті

Жеңіске үміттілердің қатарында Ерлік Майрашева да бар. Көркемсөз сайысының алғашқы кезеңіне нәзікжанды Ғабит Мүсіреповтің “Ана кесімі айнымайды” прозалық шығармасынан үзінді дайындапты. Туындыда жас жігіттің өз қамын ойлап, туған елін сатып кеткені туралы баяндалады. Бұны естіген анасы халқы үшін бауыр еті баласының өмірін қияды.
Бұдан басқа 17 жасар Ерлік қазақтың дана ақыны Абай Құнанбаевтың шығармасын оқымақ.

Ерлік Майрашева – М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж студенті:

– Мен осы байқауға Абай Құнанбаевтың “Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма” өлеңін дайындадым. Бұл шығарманың мағынасы өте тереңде жатыр. Яғни әр адамның өмірі мен тағдырының әр түрлі екені баяндалады. Туынды баршаның жүрегінен орын табады деген ойдамын.

Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауына аудандық және қалалық сайыс жеңімпаздарынан 14 үміткер қатысуда.

Әнуәр Тоқпанов – СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бас маманы:

– Байқау Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығына орай өткізілуде. Сайыс мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау.

Байқау жүлдегерлері диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Ал жеңіс тұғырынан көрінген қатысушы Астана қаласында өтетін республикалық сайыста өңір намысын қорғамақ. Ол ағымдағы жылдың қыркүйек айында өткізіледі деп жоспарлануда.

 

Эльмира Садвокасова