Мәдениет

СҚО Жамбыл ауданының мәдениет күндері өтті

Мұнда келушілер домбыраның күмбірін естіп, ұлттық құндылықтарды тамашалауда. Мына жерде ауданның белгілі тумаларының жеке заттары жайғасқан. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов. Бұл 3 тұлға Жамбыл ауданының ғана мақтанышы емес, олар қазақ әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқан жазушылар. Мәселен, мына «Москва» деп аталған баспа машинкасында Сәбит Мұқанов оқырмандарына танылған бірнеше шығармасын басып шығарған. Бұл жазушының туған жеріндегі мұражайдың ең бағалы экспонаты екен.

Әлия Сәрсекова – С.Мұқанов мұражай үйінің меңгерушісі, Жамбыл ауданы:

– Мұражайымыз 1992 жылы ашылды. 419 экспонат бар. Мұнба ең бағалы әрі қымбатын әкелдік. Суреттер, кітаптар бәрі оригинал.

Көрме концерттік бағдарламаға ұласты. Аудан әртістерінің өнерін тамашалауға халық көптеп жиналды. Залда, тіпті, ине шаншар жер болмады. «Бабалар ізімен» деп аталған кеш театрландырылған қойылымнан басталды. Сахнаға Асан қайғы, Қазыбек би мен Абай және Абылай хан образындағы актерлар көрермендерге мағынасы терең монологтарын оқыды.

Сырым Тортбаев – Жамбыл аудандық Достық үйінің көркемдік жетекшісі:

– Кейінгі жастар тарихты білулері керек. Мәдениеттерін тану қажет. Сол себепті осы бағдарламаны алып келдік.

Бүгінде Жамбыл ауданында мәдениет саласының дамуы үшін бар жағдай жасалуда. Қазір мұнда 114 өнер ұжымы бар. Оның 6-уы – халық ансамблі. Биыл дәл осындай атақ «Рябинушки» әйелдер-вокалдық ұжымына да берілуі мүмкін. Сонымен қатар, ағымдағы жылы ауданда бірнеше кітапхана да ашу жоспарланған.

Балтабай Рамазанов – Жамбыл аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

– Алдағы уақытта кітапхана мен екі клуб ашуды жоспарлап отырмыз.

Айту керек, облыс орталығында Жамбыл ауданының мәдениет күндері мұндай форматта алғаш рет ұйымдастырылуда. Қалалықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін гала концертке аталған ауданнан 150-ге тарта өнерпаз жиылыпты.

Енді дәл осындай шараны Ғабит Мүсірепов ауданының өнерлілері өткізбекші. Ол сәуір айының 28-і мен 29-ына жоспарланып отыр.

 

Айгерим Ержанова