Спорт

Петропавлда ҚР ҰҰ ХV спартакиадасы аясында самбодан жарыс бастау алды

Жанболат Ахметов – ҚР ҰҰ Дене шынықтыру және спорт қызметінің бастығы:

– ҚР ҰҰ ХV спартакиадасы аясында ұйымдастырылған жарысқа 50 палуан қатыспақ. Олардың қатарында Петропавлдағы Ұлттық ұлан әскери инститының курсанттары да бар. Бұл дода ҚР құқықтық тәртіп әскерлерінің құрылғанына 25 жыл толуына арналып отыр. Былтырғы сайыс Павлодар қаласында өтті. Бүгін тартысты кездесулерге куәгер боламыз деген үміттемін.

Алғаш болып 57 келі салмақтағы әскерилер күш сынасты. Бозкілемде өткен әр белдесу тартысқа толы болды. Шапшаң қимылдайтын жігіттер самбо күресінің түрлі әдіс-тәсілдерін жасап, жарыстың көркін қыздырды.

Бұдан соң, жиналғандар 68 келі салмақтағы жігіттердің өнерін тамашалады. Дәл қазір, ортада Данияр Әкімбаевпен Асланбек Сұлтанов бақ таластыруда. Қызыл кимонодағы палуан кездесуді белсенді бастады. Ол бірден шапқаң қимылдап 3 ұпай иеленді. Дегенмен, ҚР Ұлттық ұланының Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінің сарбазы Асланбек дер кезінде ес жиды. 22 жастағы жігіт қарсыласының аяғына ауырту әдісін жасап, таза жеңіске ие болды.

Асланбек Сұлтанов – ҚР ҰҰ 6655 әскери бөлімінің сарбазы, Ақтөбе облысы:

– Самбо күресімен 15 жылдан бері айналысамын. Жаңа мойынымды ауыртып алдым. Сосын біраз ұпай жоғалттым. Дегенмен, жеңіске жеттім.

Тартысты белдесу кезінде спортшылар жарақат алып та жатты. Оларға дәрігерлер дер кезінде алғашқы көмек көрсетті. Бұған қарамастан әскерилер самбо күресінің барлық ережесі бойынша бақ талыстырды.

Мирас Мақсұтов – спартакиада төрешісі:

– Палуандар 5 минуттан күреседі. Бұлі жігіттердің арасында спорт шеберлері бар.

ҚР ҰҰ ХV спартакиадасы аясында ұйымдастырылған самбо күресінен республикалық жарыс сәуірдің 15-і күні аяқталмақ. Сайыс жеңімпаздары маусым айында Атырау қаласында Күш құрылымдары арасында өтетін ел біріншілігіне жолдама алады.

 

Култанов Байболат