Қоғам

Еңбек заңнамасын бұзған өңірдегі кәсіпорындар 9 млн теңге айыппұл төлейді

Нәтижесінде 55 заңды және лауазымды тұлға айыппұл төлейді деп табылды. Олардың мемлекетке 9 млн 400 мың теңге төлеулері тиіс. Талапқа сай жұмыс істеп, қарамағындағылардың жалақысын уақытында төлесе құда да құдағи да тыныш дейді, Арман Жәлелов.

Арман Жәлелов, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

– 111 кәсіпорын тексеріліп, 165 заңбұзушылық анықталды. Оның 10-ы жұмыспен қамту, 97-сі еңбек бойынша болса, 58-і еңбекті қорғауға қатысты. Көбіне азаматтар еңбекақының уақытында төленбеуі бойынша, жұмыстан себепсіз шығарып жіберу немесе қысқарып қалуға байланысты арызданып жатады. Ал, ішінара тексерулер барысында жұмысшылардың оқытылмауы, арнайы форма бөлінбеуі сияқты қауіпсіздікке қатысты заңбұзушылықтарды анықтаймыз.

Еңбек қауіпсіздігінің сақталмауының соңы төтенше жағдайға ұрындыруы мүмкін. Өкінішке қарай, мұндай факт өңірдегі кәсіпорында да кездесп жатады. Мәселен, биылдың өзінде 11 тосын оқиға орын алып үлгеріпті.

Арман Жәлелов, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

– 3 айдың ішінде жұмыс барысында 13 адам жапа шеккен, 2-уі мерт болған. Заңға сәйкес жарлық шағып, құрылған арнайы комиссия тіркелген барлық оқиғаны түпкілікті қарастырды.

Оның біреуі облыс орталығында құрылыс барысында орын алған. Биік нысан тұрғызып жатқан құрылысшы жігіт құлап қаза тапты. Ал, 90 пайыз кінә еңбек қауіпсіздігін сақтамаған жұмыс берушіге артылып отыр. Еңбек заңнамасына қайшы келетін тағы бір мысал “Жылдам тұрғызылатын ғимараттар мен құрылымдар зауытында” анықталды. Серіктестік жұмысшыларына айлығын уақытында төлемей отыр. Қазір бұл іс бойынша да тексеру жүргізілуде.

 

Акбопе Танирберген