Мәдениет

Аты ТМД елдеріне танымал “Арай” халық би ансамблінің солисті – Диляра Хасанова 70 жасқа толды

70-ке жетістікпен жеткен еңбек ардагері зейнетте болса да, әлі күнге дейін қоғамдық істерге белсене ат салысып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде зор үлес қосуда. Жиында осыны атап өткен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы Рустам Бикенев мерейтой иесін мерекесімен құттықтап, өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың атынан Құрмет грамотасын табыс етті.

Диляра Хасанованың негізгі мамандығы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болса да, оны мәдениет саласында кеңінен таниды. Кезінде 1963-1983-ші жылдары аралығында нәзік жанды “Арай” халық би ансамблінің солисті болған. Кейін темір жолшылардың мәдениет үйінде көркемдік жетекші, энергетикетердің мәдениет сарайында директор қызметтерін атқарған.

Диляра Хасанова – еңбек ардагері:

– Біз отбасыда 5 бала болдық. Әкем өзінің бірінші отбасын жоғалтып алған. Тағдырдың тәлкегімен оны 4 баламен бұрынғы әйелі тастап кетті. Соғыс жылдары болғандықтан оның екеуін өкінішке қарай жоғалтып алды. Кейін ол өзінен 20 жасқа кіші менің анама үйленді. Барлығымыз бақытты өмір сүрдік. Анам мен әкем қазір дүниеден озды. Ал өзім тұрмыс құрмағанмын.

Көпжылдық еңбегі үшін Диляра Хасанова бірнеше рет облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталып, “ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл”, “Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл” медальдарын тағынған. Қазіргі таңда 70 жастағы нәзік жанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары міндетін атқарады.

Идрис Картал – “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Біз Диляра Ғабидолловнаны әрдайым Динара Григорьевна деп атаймыз. Ол өте еңекқор адам. Үнемі белсенділік танытып жүреді. Қоғамдық бірлестік 2007-ші жылы ашылды. Ал Диляра Хасанова мұнда 1 жылдан кейін келді. Ұлты қазақ болса да өзіміздің қандасымыз секілді. Біз оны құрметтейміз.

Мерекелік жиын соңы ән-шашумен аяқталды.

 

Риат Шони