МТРА жаңалықтары

Сәуірдің 15-і Петропавлда бүкілқалалық сенбілік өтеді

Ағаштарды отырғызу биыл екі кезеңмен жүреді. Яғни, көктемде және күзде. Ал осы жолғы бүкілқалалық сенбілікте Сүтішев, Жұмабаев, Уәлиханов, Мир көшелерінде талдар отырғызылады. Көшеттердің жалпы саны 700-ден астам. Сондай-ақ, бұл аталған жерлерде бей-берекет өсіп кеткен 378 ағашты кесу жоспарлануда.

Асқар Тастеміров – Петропавл қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмi автомобиль жолдары секторының бас маманы:

– Сәуірдің 15-і күні қайырымдылық сенбілігі өтеді. Бұл Ұлы Жеңістің 72 жылдығы мен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған. Осы күні өзіңе бекітілген және жеке аумақтарды қоқыстан тазалап, ағаштардың түбін әктеп, қоршау мен металлдан жасалған түрлі конструкцияларды сырлау қажет. Шараға 20-дан астам арнайы техника жұмылдырылады.

Қоқысты арту мен оны қала сыртына шығару жұмыстарымен коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері айналысады. Бүкілқалалық сенбіліктен ешкім шет қалмай, барлығы бір адамдай шаһарды тазалауға ат салысулары қажет. Осы ретте пәтер иелері кооперативі төрағаларының кеңесі ұйымдастырылып, бұл күні қандай жұмыстар атқарылу керек екендігі де айтылған.

Дәулет Қалиасқаров – Петропавл қалалық әкімдігі тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

– “Коммунхоз Петропавл” ЖШС пәтер иелері кооперативіне техникамен көмектеседі. Сондай-ақ, тұрғындар үйлерінің аулаларына ағаш отырғызуға көшеттер де бөлінеді. Ол үшін пәтер иелері кооперативінің төрағалары сәуірдің 15-не дейін “Коммунхоз Петропавл” серіктестігіне өтініш берулері қажет.

Жалпы бүкілқалалық сенбілік сәуірдің 15-і, 22-і, 29-ы және мамырдың 6-ы күндері ұйымдастырылады. Шаһар таза болсын десек оған лайықты үлесімізді қосайық.

 

Риат Шони