Денсаулық сақтау

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру өңір аудандарында түсіндірілуде

Аталған жүйе өз жұмысын бастаған кезде халықтың медицинаға жұмсайтын қаражатын үнемдеуге септеспек. Бүгінде жеке шығындар 35 пайыздан асып отыр. Сондай-ақ, бұрындары қол жеткізе алмаған, қымбат тұратын қызметтерді де пайдалану мүмкіндігі бар. Осы ретте тұрғындар мұндай жиындарды пайдаланып өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын да жолдайды.

Лариса Гордеева – Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитетiнiң СҚО бойынша департаментi басшысының міндетін атқарушы:

– Бізге тұрғындардан сұрақтар көп түсті. Мәселен, бұл заңнаманың бастапқы күйінде мемлекет мүмкіндігі шектеулі балалар үшін медициналық сақтандыруға ақша төлейді делінген. Осы ретте оларға күтім жасап, жұмыссыз отырған жандар жайлы сөз қозғалмаған. Біз бұны жоғарғы жаққа жеткіздік. Қазір ол 18 жасқа толмаған мүмкіндігі шектеулі баланы күтіп отырған жұмыссыз жандар деп өзгертілді.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова бұл шараның маңыздылығына тоқталды. Былтыр елімізде 2016-2019-шы жылдарға арналған “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Ондағы бағыттардың бірі халықтың орташа өмір сүру жасын 73-ке жеткізу мақсатын көздейді. Өңір бойынша бұл көрсеткіш 70,5 болып тұр. Осы ретте облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова тұрғындарға дәрігерге уақытында қаралуды әдетке айналдырып, тың жүйені түсіндіру барысында немқұрайлық танытпау қажеттігін айтты.

Жалпы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қорына азаматтар ай сайын ақша аударулары қажет. Ал арнайы 14 санатқа жататындарға мемлекет өз есебінен төлем жасайды. Бүгінде Қызылжар ауданында мұндай жандардың саны 23 мың 17 екен. Ал 24 мың 724 адам ай сайын қорға ақшаны өз қалталарынан төлейді.

 

Риат Шони