Мәдениет

Жамбыл ауданының мәдениет күндері Петропавлда аталып өтілді

Достық үйінде “Рябинушка” вокалдық тобы түрлі ұлттың тілінде ән шырқап, халықтар достығын дәріптеді. Аталмыш ұжым 4 жыл бойы аудандық маңызы бар шараларды жақсы өткізуге атсалысып жүр. Зейнет жасына шыққан әжейлер осылайша, уақыттарын тиімді өткізіп, пайдалы іспен шұғылдануда.

Нина Шледовец – “Рябинушка” вокалдық тобының көркемдік жетекшісі, Жамбыл ауданы:

– Топта 8 адам бар. Ұжым түрлі ұлттың өкілінен жасақталған. Біз қазақ, орыс, украин тілдерінде ән шырқаймыз. Концерттік бағдарламалармен елдімекендерге барып тұрамыз. Бүгін міне облыс орталығына да келіп қалдық. Қалалықтарға ауылдағы тіршілік, онда тұратын жаны жайсаң адамдар туралы ән шырқаймыз.

Осындай жиын-шараларға зейнеткер Шайзат Байбосынова құрбысымен жиі келіп тұрады. Кейуана көпшілік арасына шыққан кезде серпіліп, бірнеше күн бойы жақсы көңіл-күймен жүремін дейді.

Осы күні Жамбыл ауданының кітапханашылары арасында байқау өтті.
Зейнеп Суфиянова жерлес ақын-жазушылардың шығармашылығына кеңірек тоқталды.

Зейнеп Суфиянова – “Жамбыл ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесі” КММ кітапханашысы:

– Тұмса табиғаты бар Жамбыл ауданында Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, С.Шаймерденов, И.Шухов дүниеге келіп, кіндік қаны тамған жерінде қалам тербеген. Біз бүгін кітап көрмесіне біртуар тұлғалардың ірі шығармалар жинағы мен фото суреттерін жайғастырдық.

Бүгінде Жамбыл ауданында 10 кітапхана жұмыс істейді. Мамандар оқырманды тарту үшін түрлі әдіс-тәсілдер қолданады екен. Ол үшін әр мекемеде шығармашылық сыныптар құрылған. Онда мектеп жасындағы балалар түрлі басылымдарды ақтарғанан бөлек, ісмерлік, бейнелеу өнерін меңгеріп, әртістік қабілеттерін шыңдайды.


Берік Қасен