МТРА жаңалықтары

“Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ депозит ашудағы комиссияның құнын 0 теңгеге жеткізді

“Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша СҚО-да 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Оның 7-уі биыл іске асырылмақ. Бұл баспаналарды ел азаматтары иелене алады. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органда пәтер кезегінде тұрып, оған қоса Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшысы болуы шарт.

Райхан Әбдірахманова – “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ директоры:

– Несиелік баспаналардың 50 пайызы жергілікті атқарушы органда кезекте тұрғандарға үлестіріледі. Олар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің балдық жүйесі негізінде іріктелініп, анықталады. Яғни, салымшы уақытылы ақша төлеп отырса, оның пәтер алу мүмкіндігі ұлғая түседі. Бұл бағдарламаға қатысушыларға есеп шоттарынада баспана құнының 30 пайызы жиналса ғана заем беріледі. Ал несиелік ставка болса жылына 5 пайызды құрайды.

Мемлекет жыл сайын кезекте тұрған жандарды баспанамен қамтуда. Жұлдызбек Жамантаев 2011-ші жылы мемлекеттік қызметкер ретінде пәтер кезегіне тұрған. Ал 2016-шы жылы көптен күткен өзінің үйіне қол жеткізіпті.

Жұлдызбек Жамантаев – мемлекеттік бағдарламаға қатысушы:

– 2012-ші жылы “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-да жинақ депозитімді ашып, ай сайын қаражат салып отырдым. Сөйтіп, 2016-шы жылы үш бөлмелі пәтер алдым.

Жалпы Береке шағын ауданында тапсырғалы отырған көпқабатты тұрғын үйдегі пәтер бағасы 1 шаршы метр үшін 115 мың теңгені құрайды. Тағы бір айта кететін жәйт, салымшыларға банк үш түрлі бағдарламаны ұсынып отыр. Олар “Бастау”, “Өркен” және де “Кемел”. Баспана алған кезде оның құнын осы аталған үш түрлі бағдарламамен өтеуге болады.

Брифинг барысында тілшілер қауымы спикерлерге өз сұрақтарын да жолдады.

Риат Шони – МТРА тілшісі:

– 100 және де 80 пәтерлі баспаналардың құрылысы не себепті мерзімінен кешігіп жатыр? Және де 80 пәтердің неге тек 40 баспанасы ғана тұрғындарға үлестіріледі.

Райхан Әбдірахманова – “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ директоры:

– Бұл баспаналарды жергілікті атқарушы орган салып жатыр. Оның мерзіміне солар жауапты. Ал 80 пәтерлі үйде 40 пәтерін әкімдікте кезекте тұрғандарға беріледі. Ал қалғаны біздің салымшылардыкі.

Айта кету қажет, “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ депозит ашудағы комиссияның құнын 0 теңгеге жеткізді. Бұрын бұл келісім шарттағы соманың 0,55 пайызын құрайтын.

 

Риат Шони