Аптадағы маңызды жаңалықтар

№23 автобустың бағыты уақытша өзгерді

Осыдан бірер күн бұрын бұл көше арқылы №23 автобус жүріпті. Енді, бүгіннен бастап Береке ықшам ауданы мен қала арасын байланыстыратын қоғамдық көлік айналма жол арқылы қатынауда. Бұл “Сенная база” кентінің тұрғындары үшін қиындық тудырып отыр.

Алтынай Тоқсанова:

– Оқуға бару үшін соңғы аялдамаға жетіп автобусқа отырдым. Қоғамдық көлікті күтетін жер шамамен 1 жарым шақырым жерде орналасқан. Сол үшін біршама уақытым кетті. Әрі аяқ киімім саз болды.

“Сенная база” кентінің тұрғыны Василий Новиков №23 автобустың айналып өтуі біріншіден бала-шағаға қиын болды дейді. Өйткені, кішкентай ұл-қыздардың таңертең мектепке жетулері машақат екен. Тағы, азамат бұл өзгеріс науқас жандардың ауруханаға баруларына да ауыртпалық тудырғанын айтуда.

Василий Новиков – “5-ші Сенная” көшесінің тұрғыны:

– Көктем болса қалаға жете алмаймыз. Үнемі саз-батпақ. Енді, біздің көшеден автобус жүрмейтін болып отыр. Бұл жерде үлкен кісілер, науқас адамдар көп тұрады. Мына жердің суын ағызып, тас төсеуге болады гой. Осы жолға бар-жоғы шамамен 4 Камаз қиыршық тас кететін шығар.

Ал, 23-ші бағыт бойынша қатынайтын автобустар “Партнёр-Авто” серіктестігінің құрамына кіреді. Жолдағы су тартылып, көшеге тас төселсе кәсіпорын көліктері тұрғындарды тасымалдауды шығады дейді серіктестік басшылығы.

Болат Рахимов – “Партнёр-Авто” ЖШС директоры:

– Еріген судың жайылуынан “3-ші Сенная” көшесі арқылы қатынауды уақытша тоқтаттық. Өйткені, ол жермен автобустың жүруі мүмкін емес. Ой-шұқыр. Оған қоса су тұр. Мұны тұрғындар түсінсе дейміз. Бұған қоса жақын арада Астана және Әуезов көшелерін байластыратын Заводская көшесімен де қоғамдық көлік жүрмейтін болады. Өйткені, ол жердің де жағдайы нашар. Сол себепті, алдағы уақытта 23-ші бағыттағы автобус Кеншінбаев көшесі арқылы қатынайды.

Айта кетейік, қазір 23 бағыт бойынша қала көшелерінде 16 автобус жүреді.

 

Култанов Байболат