МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Бақыттылар ән салады” мюзиклі қойылды

Өнер майталмандарын бір спектакльге біріктіру идеясы джаз әншісі Ирэн Аравинаға тиесілі. Бұл қазақстандық жобаның сахналанып жүргеніне 1 жылдан асқан.

Қойылымда Френк Синатра мен Эдит Пиафтың тағдыры жайында баяндалып қана қоймай, әлемдік хитке айналған әндер де орындалады.

Галина Пьянова – “Счастливые поют” мюзиклінің режиссері, Алматы қаласы:

– Екі әлемге әйгілі әншілердің тағдыры трагедия мен драмаға толы. Алайда, олар өздерінің өмірлерінің қиындығына қарамастан, ән салып, бақытты ғұмыр кешуге тырысқан. “Бақыттылар ән салады” атауы да осыдан туындады.

Френк Синатраның рөлін сомдау мәртебесіне Алматы қаласындағы “Артишок” театраның актері Чингиз Капин ие болды. Ол 6 жыл ішінде әр түрлі образдарға еніп, талай рет кино мен театр сахнасында төбе көрсеткен. Алайда, бұл жолғы рөлі әртіс үшін өте маңызды. Себебі, әйгілі әнші өмірінің барлық кезеңдері қамтылған қойылымды көрермен жүрегіне жеткізу оңай іс емес дейді ол.

Чингиз Капин – “ARTиШОК” театрінің актері, Алматы қаласы:

– Әрбір спектакльдің артында көптеген дайындықтар тұрады. Осы рөлді сомдау ұсынысы түскен кезден бастап, Френк Синатраның биографиясымен жақын танысқым келді. Ол жайлы фильмдер мен шығармаларды оқып, әндерін тыңдадым. Бұндай танымал тұлғаның образына енген сайын бойымда бір қобалжу болады.

Француз әншісі Эдит Пиаф дүние есігін ашқан сәттен бастап әр түрлі қиындықтарды көріп өскен. Ол кішкентайынан Париж көшелерінде ән айтып, ақша табуға мәжбүр болыпты. Нәзікжандының өнердегі алғашқы қадамдары мен үлкен атаққа ие болған кезі де осы қойылымда қамтылған. Оның әрбір қылығы мен өзіне тән мінезін халыққа жеткізіп, рөлін сомдау Қазақстанның жарқын жұлдызы Айсұлу Әзімбаеваға бұйырды.

Айсұлу Әзімбаева – актриса, Алматы қаласы:

– Әрбір қойылым сайын Эдит Пиафты жақсырақ танып, оның көрген қиыншылықтарын тереңірек сезетін сияқтымын. Ол ғажайып әнші және тамаша адам болған. Спектакльде оның өмірі жайлы ғана емес, музыка әлемі, шансон мен Франция еліне жасаған істері жайлы да сөз етіледі.

Қойылымда әйгілі әншілердің туындыларын қазақстандық джаз орындаушылары Ирэн Аравина мен Алексей Тимофеев жеткізді. Жанды дауыстағы орындау көрермендерді тәнті етті.

– Мен отбасыммен келдім. Өте қатты ұнады. Музыкадан жақсы әсер алдым.

– Бұл мұхиттің аржағында болған оқиғалар желісі ғой. Өте жақсы ойнады. Негізі үйренеріміз көп.

– Бүгінгі мюзикл өте ұнады. Өте үлкен әсер алдым.

Қойылым бір жыл бойы Алматы қаласының сахналарында көрсетіліп келген. Енді қазақстандық жобаны тамашалау мүмкіндігіне Астана, Шымкент сынды қалалардың көрермендері ие болды.


Эльмира Садвакасова