Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда мамандар тұрғын үйлердің жертөлесінен су сорып алу жұмыстарын жүргізуде

Мағрипа Қабаева – Перминовых көшесі, 93-үйдің тұрғыны:

– Мамандарға дүйсенбі күні хабарластым. Бірден келіп, суды сорып алу жұмыстарын жүргізді. Өткен жылы да осылай болған. Мамандарға алғысым шексіз.

Су сорып алу жұмыстарын мамандар Ойқала ауданындағы 4 бірдей үйде жүргізуде.
Ал, бұл – Амангелді көшесіндегі 169-шы үй. Мұнда Мағрипа Қабаеваның күйін екі бірдей подъездің тұрғындары кешіп жүр. Олардың да жертөлелері суға толы.

Светлана Чепикова – “Амантар” ПИК төрайымы:

– Жертөлеге су кеше кіре бастады. Оған қоса үйдің алды да суға толы. Жүріп-тұру өте қиын. Жертөледе жұрттың картобы бар. Онда әлі кіру мүмкін болмай тұр. Мамандарды кеше шақырдым. Содан бері жұмыс істеп жатыр. Бұл жерге асфальт төсеу қажет. Мәселені қала әкіміне де жеткізгенмін. Шаһар басшысы бұл сұрақ осы жылы маусым айында шешіледі деп уәдесін берді.

Жыл басынан мамандар қала бойынша 40 мың текше метрге жуық суды сорып алыпты. Сондай-ақ, 44 шақырымға жететін жауын суы ағатын ашық желілер тазартылған.

Павел Булаев – Петропавл қаласы “Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш ғимараттар” КМК директоры:

– Биыл бөлінген қаражатқа 4 ассенизатор машинасы, бу қондырғысы алынды. Сондай-ақ, кәсіпорынымыз бен құрамына 50 адам кірген 6 апаттық бригада құрылды. Кезекшілік тәулік бойы жүргізіледі.

Су сорып алу жұмыстары қаланың әр ауданында жүргізіліп жатыр. Жұмысшы кентінде дәл қазір ассенизатор машинасы жол үстіндегі суды тартуда.

Жалпы биылғы жылы қала бойынша су тасқынымен күресуге түрлі бюджеттен 40 млн теңге қаражат бөлінген.

 

Риат Шони