Қоғам

«Ардагерім-ардағым» акциясы бастау алды

Михаил Тупичкин – ҰОС ардагері:

– Бізді Мурманск қаласына жіберді. Сол жерде біз соғыс алаңындағы миналарды іздеп, оларды алып тастап отырдық. Жарылғыш заттардан қаншама адам қырылды. Қасымдағы жолдастарымның біразы аяқ-қолдарынан айырылды. Өте қорқынышты болды. Бірақ десе де, біздер жеңіске жеттік.

Соғыстан кейінгі жылдарда да Михаил Тупичкин қол қусырып отырмаған. Тың игеруге қатысып, егін егіп, комбаинды басқарыпты. Ал 1951 жылы әжеміз Александра Алексеевнамен отасқан. Содан міне, 66 жыл бір шаңырақ астында тұрып келеді. Қариялар 4 баладан 8 немере, 9 шөбере сүйіп отыр. Жеңісті жақындатуға үлес қосқан қарт майдангерге бүгін нұр отандықтар келді. Олар «Ардагерім – ардағым» атты акция аясында қарияға шағын сыйлықтар ұсынып, хал жағдайын сұрап білді.

Галина Семенова – қалалық мәслихат депутаты:

– «Нұр Отан» партиясының атынан сізді келе жатқан мерекемен құттықтап, хал жағдайыңызды білуге келдік. Мүмкін мазалаған мәселелер бар шығар. Егер шешімін таппай жүрген проблемаларыңыз болса, бізге жеткізуге болады.

Отты жылдарды басынан өткерсе де, бұл жандар өмірге риза. Сондықтан үйге келген меймандарға әрдайым бейбіт күннің бағасын білу керектігін айтады.

Михаил Тупичкин – ҰОС ардагері:

– Жастардың тәрбиелі, отансүйгіш болып өскендігін қалаймын. Ең бастысы еліне адал қызмет етіп, жұмыс істеуден жалықпасын. Біздер талай қиындықты бастан өткердік. Бүгінгі ұрпақ бейбітшіліктің қадірін білсе деймін.

Михаил Тупичкин далаға шығып, серуендегенді жақсы көреді. Қазір денсаулығы сыр берген қария, оны сатып алуға мүмкіндік болса ғой деп қалжыңдап та қояды. Айта кету керек, қыркүйекте қарт майдангер 90 жасқа толады.

 

Магжан Ахмадина