Без категории

Петропавлдықтар тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 17 жауынгерді еске алды

Ерлердің есімі қашалып жазылған тақта Петропавлда 8 жыл бұрын орнатылды. Сол уақыттан бері жергілікті тұрғындар мен бейбіт елдің ұландары ескерткішке келіп тағзым етіп, гүл шоғын қояды. Бұл жолы да боздақтарды ажал құшқан күнінде бір минут үнсіздікпен еске алды.

22 жыл бұрын сәуірдің 7-сі күні Пшихавр шатқалы ауданында Қазақстан Республикасының ІІМ Ішкі әскерлерінің 80 жауынгерінен құралған 7-ші рота аяқ асты жасалған шабуылға бірден тойтарыс берді. Түскі 1-де басталған қақтығыс 5 сағатқа созылды. Нәтижесінде өрімдей 17 жігіт ажал құшты.

Нұржан Сенбаев, «Тәжік-ауған шекарасындағы соғыс ардагерлерінің одағы» ҚБ төрағасы:

– Өз міндеттерін орындау барысында қаруластарымыз торуылға түсіп қалды. 5 сағатқа созылған қақтығыста біздің рота көп жауынгерін жоғалтты. 33 адам жарақат алды. Біз өзіміздің Отанымыз артқан әскери мінедетті орындау үшін аттандық. Мұны жастар біліп, үлгі тұтулары керек. Батырларымызды ұмытпаулары тиіс.

Ауғанстан жерінде 1993 жылдан бастап 8 мың қазақстандық интернационалдық борышын өтеді. Оның 200-ден астамы – теріскейліктер. Қазақстан әскері Ауғанстан жерінен 2001 жылы шығарылды. Жерлесіміз Асқар Жәменов те 1996 жылы дәл осы оқиға орын алған жерде интернационалдық борышын өтеп қайтты. Ол кезде небары 19 жастағы жігіттің жадында мылтық асынып жүрген әр күні сақтаулы.

Асқар Жәменов, тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыс ардагері:

– Шабуылдар өтті. Дастарымызбен жараландық. Бірақ, дін-аман отанымызға оралдық. Бастысы осы.

Соғыстың шетін көрген ардагер жауынгерлер аспанымыз әрқашан ашық болса деп тіледі. Ал, ерлікпен қаза тапқан 17 жерлесіміздің ерлігі – ҚР ҰҰ жас жауынгерлері үшін үлгі.

 

Акбопе Танирберген