МТРА жаңалықтары

Петропавлда екі қабатты үйден өрт шықты

Бұл ескі екі қабатты үй Мағжан Жұмабаев және Ульянов көшелерінің қиылысында орналасқан. Мұнда барлығы 6 пәтер бар. Құтқарушылар келмес бұрын тұрғындардың барлығы да сыртқа шығып үлгерген. Аяқ астынан болған ТЖ туралы естіген олар далаға асыққанда құжаттарымызды алуға да мүмкіндік болмады дейді.

Алма Мусина:

– Өз бөлмеміздің есігін ашсақ, үйіміз түгел толған түтін. Есіктен шыға алмайтынымыз анық еді. Кейін күйеуім Саша терезені бұзып, мені зорға алып шықты. Жұбайымның денесі шыныларға кесіліп қалды. Мен болсам, жалаңаяқ шығып кеттім. Маңайдағы адамдар көмек қолын созуда. Бірі сыртқы киім мен аяқ киім де берді.

Ең қорқыныштысы үйде 9 бірдей газ баллоны болған. Өрт сөндірушілер бірінші кезекте соларды сыртқа шығарыпты. Қызыл жалынның кесірінен үйдің төбесі мен бір пәтер толығымен жанып кеткен. Тағы 3 пәтерге шығын келген.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– 8-ден 48 минут кеткенде өрт сөндіру бөліміне қызыл жалын туралы хабар келіп түсті. 5 минут ішінде мамандар ТЖ орнына келіп жетті. 10 техника мен 40 адам жұмылдырылды.

ТЖ орын алған үйден барлығы 18 адамнан тұратын 6 отбасы қауіпсіз жерге көшірілді. Абырой болғанда, мерт болып, жапа шеккендер жоқ. Қазір мамандар өрттің шығу себебі мен одан келген шығынды есептеу үстінде.

 

Айгерим Ержанова