МТРА жаңалықтары

Облыс орталығында жас құтқарушылар жасақтарының жарысы өтті

Бүгін әрбір оқушы бірер минутқа өзін қала тұрғыны рөлінде емес, құтқарушылар есебінде де сезіне алды. Команда мүшелері өрт сөндірушінің формасын жылдам киіп-шешуден жарысуда. Эстафетаны бірінші болып “Искра” командасы аяқтады.

Данил Колейников – “Искра” командасының капитаны:

– Сайыстың осыншалықты қиын болатынын күтпеген едім. Құтқарушылардың жұмысының ауыр екенін осы эстафетадан-ақ байқауға болады. Өрт сөндіруші бөлімге өрт жайлы ақпарат түсе салысымен, жылдам киініп, орын алған жерге лезде жетуі тиіс. Бұл мамандық адамнан батылдық пен шапшаңдықты талап ететінін түсіндім.

Бұдан басқа жас құтқарушылар арқан тартыс, газқағарды кию сияқты тағы 6 сайыста сынға түспек. Жалпы жарысқа қала мектептерінен 30-ға жуық оқушы қатысуда.

Данияр Әлімкин – Петропавл қаласы № 3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесі бастығының орынбасары:

– Бұл іс-шараны мектеп оқушылары арасында өрт сөндірушілердің мамандығы жайлы айтып, насихаттау мақсатында өткіземіз. Жас құтқарушылар жасағы тілсіз жаудың алдын алу мен одан қорғану бойынша әр түрлі эстафеталық және командалық сайыстарда сынға түсті. Жасөспірімдер олардың барлығынан сүрінбей өтіп, өз мықтылықтарын көрсетті.

Барлық сайыс нәтижелері бойынша “Цунами” командасы жеңіске жетті. Олар грамота және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Эльмира Садвокасова