Білім

Солтүстікқазақстандық оқушылар республикалық олипиададан жүлделі оралды

Жақында бұл ұл-қыздар республикалық пәндік олипиададан жеңімпаз болып оралды. Бірі өңір намысын гуманитарлық бағытта, ал енді бірі математика-жаратылыстану бағытында қорғады. Білім сынағына барлығы 64 солтүстікқазақстандық оқушы қатысқан.

Әлмұрат Бектемиров – Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері:


–  Математика бағытындағы олимпиада Павлодар қаласында өтті. Оған өңіріміздің 34 оқушысы қатысты. Нәтижесінде бұл сайыстан 1 күміс пен 3 қола медаль қанжығаға байладық.

Ал қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы білім сайысы еліміздің Ақтау қаласында өтті. Онда облысымыздан 30 ұл-қыз қатысып, 10 жүлделі орын әкелді. Солардың бірі – әзірбайжан қызы Айсель Мұстафаева. Ол қазақ тілі пәнінен сынға түсіп, күміс медальді еншіледі. Оқушының ұлты өзге болса да, мемлекеттік тілді жетік меңгерген.

Айсель Мұстафаева – “Білім-Инновация” лицей-интернатының оқушысы:

 

– Мен Қазақстанға 11 жыл бұрын көшіп келдім. Қазақ халқы бізді құшақ жая қарсы алды. Оларға бір пайдамды тигізу менің парызым. Сондықтан, алдағы уақытта қазақ тілін дүние жүзіне танытсам деймін.

Бұдан бөлек, Айсель түрік, ағылшын және орыс тілінде еркін сөйлейді. Қазір француз тілін меңгеру үстінде. Десе де, оқушы болашақта хирург атануды жоспарлап отыр.

Айгерім Ержанова