Құқық қорғау органдары

Сәуірдің 10 облыста заңсыз сақтауда тұрған қаруды сатып алу бойынша “Қару” акциясы басталады

– Бұл бөлмедегі қарулардың арасындағы ең көнесі, ол – мына “Smith Wesson” револьвері болып табылады. Қару 1900-шы жылы шығарылған. Оның жанында 90-шы жылдары Шешенстандағы соғыста террористердің арасында танымал болған “БОРЗ” тапанша-пулеметі тұр. “БОРЗ” шешен тілінен аударғанда “көк бөрі”, яғни “қасқыр” деген мағынаны береді.

Бұл қару небәрі қолданыста үш-ақ жыл болды. Ол толық жетілдірілмегендіктен өндірістен алып тастаған.
Жалпы ел көлемінде осымен 5-ші жыл қатарынан заңсыз сақтауда тұрған қару, оқ-дәрі және жарылғыш заттарды сатып алу бойынша акция ұйымдастырылуда. Соңғы үш жылдың ішінде аталмыш шара барысында тәртіп сақшылары өңір тұрғындарынан сомасы 45 млн теңге болатын 1 300 бірліктен астам қару сатып алыпты. Акцияның арқасында жасалатын қылмыстардың саны да азайған.

Қайрат Оразалин – СҚО ІІД бастығының орынбасары:

– Соңғы екі жылда өңірде атыс қаруын қолданып жасаған қылмыстар тіркелген жоқ. Бірақ, браконьерлік, заңсыз аң аулау сынды заңбұзушылықтар орын алды. Бүгінде өңір тұрғындарының иелігінде заңды тіркелген 13 мың 151 бірлік қару бар.

Биылғы жылы “Қару” акциясы сәуірдің 10-нан бастау алады. Бұл шараны өткізу үшін өңірімзге 10 млн теңге көлемінде ақша бөлініпті. Яғни, аталған қаражат толығымен игерілгенге дейін қару сатып алу жалғаса береді. Жалпы полицейлер қаруларды үш санатқа бөлген. Әрқайсысының бағасы да түрліше.

Алексей Белов – СҚО ІІД ӘПБ бөлімше бастығы:


–  Бірінші санаттағы қарулар мүлде қолданыста болмағандар. Негізінен Калашников автоматтары болып келеді. Оларға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша төленеді. Екіншісі ол жұмыс істейтін, қолданыста болған, бірақ аз-кем ақаулары барлары болып табылады. Көбіне бұлар аңшылардың мылтығы.
Оларға нақты бағасының 70 пайызы ұсынылады. Ал соңғысы – ол мүлдем жарамсыз қарулар. Бұл санаттағыларға өз құнының 30 пайызы төленеді.

Теріскейліктердің кейбірі заңсыз сақтауда тұрған қаруды ІІО-на тапсырғылары келмейтін көрінеді. Жыл басынан 22 қару тәркіленіпті. Олардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қаруды тәртіп сақшыларына тапсыру үрдісі қарапайым. Облыс орталығының тұрғыны қаладағы кез келген полиция бөлімшесіне келіп арыз жаза алады. Ал ауылдағы ағайын болса аудан орталықтарына жүгіну мүмкіндігіне ие. Кейін қаруды мамандар тексеріп, азаматтың жеке есеп шотына тиісті қаржыны аударады. Айта кету қажет, қаруды тапсыруда қауіпсіздік шараларын естен шығармаған жөн.

Әлішер Жармағамбетов – Петропавл қаласы ІІБ ӘПБ бөлімше инспекторы:

– Фугас, мина, жарылғыш заттарды тұрғындарға өз еркімен әкелуге тыйым салынады. Олар өзіне және де айналасандағыларды өміріне қауіп төндіреді. Олар бізге келіп арыз жазады. Кейін арнайы мамандар барып оны залалсыздандырып алып кетеді.

Қазіргі таңда облыстың ІІО-да заңды тіркелген 8 мың 695 қару иесі есепте тұр.

 

Риат Шони