МТРА жаңалықтары

Мектеп кітапханасына облыстың құрметті азаматы Жақсылық Ысқақовтың аты берілді

Туындылардың кейбіріне зер салсақ ардагердің отбасы мүшелерімен де танысуға мүмкіндік бар. Ал, мұнда облыстың құрметті азаматының қызмет кітапшалары қойылыпты. Құнды қағаздардың барлығы көшірме емес, түп нұсқа. Бұларды Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандырылғын гимназия-интернатына Жақсылық Ғабдоллаұлының өзі тарту еткен.

Күлжан Тукенова – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандырылғын гимназия-интернатының директоры:


–  Біздің мектептегі 5 кабинетке белгілі азаматтардың аты берілген. Енді, міне кітапханаға Жақсылық Ысқақовтың есімін бердік. Бұл кісі дәл осы білім ұясының түлегі.

Жақсылық аға мектепті 1949 жылы тамдаған. Ол кезде білім ұясы №5 Калинин атындағы қазақ мектебі деп аталған. Арада қанша жыл өтсе де қария оқу ордасын бір сәт есінен шығарған емес. Ол үнемі мұнда ат басын бұрып, жастармен кездесіп тұрады екен.

Жақсылық Ысқақов – СҚО құрметті азаматы:

– Студент күнімде мектепке келіп тұратыммын. Жұмыс істеп жүрген шақта да осында үнемі болып жүрдім.

Шара барысында жиналғандар гимназия-интернатының талантты оқушыларының өнеріне тәнті болды. Ақынжанды жастар Жақсылық ағаға төл туындыларын арнады. Ортаға шығып өлең оқығандардың арасында Диас Аяған да бар.

8-ші сыныпта оқитын Диас 2 жылдан бері өлең жазады екен.

Диас Аяған – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандырылғын гимназия-интернатының 8 сынып оқушысы:


–  Жақсылық Ысқақов сынды белгілі азамат болғым келеді. Ол кісіге қарап бой түзеп өсіп келемін.

Шара соңында жиналғандар Жақсылық Ғабдоллаұлымен естелік суретке түсті. Айта кетейік, мамыр айында оқу кабинеті еңбек адрдагерінің туған жері, жерлесіміз 7-ші сыныпқа дейін білім алған Бұлақ ауылындағы орта мектепте ашылмақ.

Байболат  Култанов