МТРА жаңалықтары

Көктемгі әскер қатарына шақыру науқаны басталды

Көктемде 700 солтүстікқазақстандық әскер қатарына қабылданады. Жерлестеріміз Отан алдындағы міндетін Қорғаныс министрлігі және Ұлттық ұланға қарасты әскери бөлімдерде өтемек. Осы тұста, міндетінен жалтарғандар заң бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтып кеткен жөн.

Абылай Игембаев – Петропавл гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры:

– Тұрғылықты мекенжайын қате айтып, әскери комиссариаттан жасырынып жүрген азаматтарға 11 345 теңге айыппұл салынады. Биыл 19 жігіт заңға қайшы әрекет жасады. Әскерге бармау үшін қасақана денсаулығына зиян келтіріп, әскери комиссариатқа жалған құжат тапсырған. Әскерден қашқан адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын да айтып кеткен жөн. Заң жүзінде оларға 2 млн 200 мың теңгеден артық айыппұл салынады. Өрескел қателікке барғандары 1 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қазақстан қарулы күштерінің қатарында келісім-шарт бойынша әскери қызмет атқаруға ынталы жерлестеріміздің қатары жыл өткен сайын артып келеді. Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Еркінбек Байболовтың айтуынша, кей жылдары 300-ге жуық үміткер өтініш тапсырады.

Еркінбек Байболов – СҚО бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы

– Келісім-шарт бойынша әскери қызметке әскер қатарында болған, заң алдында жауапкершілігі жоқ адамдар қабылданады.

Сондай-ақ қазіргі таңда 11-сынып түлектерін еліміздегі әскери институттерға қабылдау жөнінде өтініштер қабылдануда. Әзірге 24 адам ниет білдірген. Қазір үміткерлер қатаң іріктеуден өтіп жатыр.

Еркінбек Байболов – СҚО бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы

– Алматы қаласындағы радиоэлектроникалық институтқа түсу үшін талапкерлер математика және физика пәнінен білімдері болуы тиіс. Алматыдағы құрлықтық әскери институты үміткер денесінің бітімі мен шымырлығына, ҰБТ-да алған ұпайларына қарайды. Бастысы, кандидаттың оқуға ынтасы болуы керек.

Күш құрылымдарында қызмет еткісі келетін адам жан-жақты тұлға болуы тиіс дейді мамандар.

Берік Қасен