Мәдениет

Петропавлда Халықаралық балалар күніне орай музыкалық ансамбльдердің шеруі өтеді

Мерекелік шеруге қатысушылардың бірі – Алтынжан Таупыкова. Ол қобызды мектеп қабырғасында меңгеріпті. Бүгінде жеткіншек ұлттық аспапта 10-нан аса күйді орындай алады.

Алтынжан Таупыкова – Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің студенті:


–  Қобызда ойнау аса қиын емес. Өзім аз уақыттың ішінде үйреніп алдым.

Халықаралық Балаларды қорғау күніне арналған шеруге Өнер колледжінің студенттері 2 айдан бері әзірленуде. Қазір олардың біразы шара кезінде өздері атқаратын міндетті үйреніп алған. Қаз-қатар сап түзеген жастардың алдыңғы шебі би билесе, ортасындағылар үрмелі аспаптарда ойнайды. Ал, соңында
тұрған ұл-қыздар ұлттық аспаптарда өнер көрсетпек.

Ботагөз Тағұдретова – СҚО білім басқармасының бас маманы:


–  Шеру колоннасында 100 адам болады. Шараға қаламыздағы 12 білім ордасының жастары қатыспақ.

Маусымның 1-і күні ансамбльдер шеруі Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрынан бастап Кәрім Сүтішев көшесімен жүріп өтпек. Жалпы, шара Тәуелсіздік стелласы алаңында тұйықталады деп жоспарланған.

 

Байболат Құлтанов