МТРА жаңалықтары

Петропавлда “WorldSkills Kazakhstan” Ұлттық байқауының аймақтық кезеңі өтті

Қазір азамат аталмыш оқу орнында жөндеу жұмыстарына жауапты маман болып қызмет етеді. Студент кезінен Евгений түрлі байқауларға қатысып тұратын. Жүлделері де жетерлік. Мәселен, былтыр Ресейде өткен WorldSkills сайысында екінші орынға қол жеткізген. Биыл да ол халықаралық додаларға қатысуды жоспарлап отыр.

Евгений Смирнов – СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің жөндеу жұмыстары бойынша жұмысшысы:

– WorldSkills байқауына мен 3-ші жыл қатарынан қатысып келемін. Алдыңғы екеуінде студент ретінде болса, бұл жолы колледж қызметкері ретінде келдім. Швеция еліне де барып бағымды сынадым. Ол жерде 5-ші орынға тұрақтадық. Қарсыластар да мықты. Үйренерім әлі де көп. Дегенмен аймақтық кезеңде жеңіске жететініме сенімдімін.

Шынымен де, «құрғақ құрылыс және сылақ жұмысы» аталымында Евгений Смирновқа тең келер ешкім жоқ. Өйткені, ол бар болғаны бірнеше минуттың ішінде қарсыластарынан озып, қолға берілген материалдардан мынадай қабырға тұрғызды. Мұнымен жұмыс әлі біткен жоқ. Оларға берілген уақыт – 7 сағат.

Иван Слипецкий – «WorldSkills Kazakhstan» байқауының аккредитацияланған сарапшысы:

– Біздің аталымда 5 адам қатысады. Олардың тапсырмалары 2 модульден тұрады. Алғашқысында құрылысты жобалап алулары қажет. Екіншісінде конструкция толық аяқталуы тиіс. Тапсырманы дұрыс орындау қатысушылардың дайындығына байланысты. Десе де біздің өңірде бұл істе Евгений Смирнов мықты.

WorldSkills Kazakhstan Ұлттық чемпионатының аймақтық кезеңі бірнеше аталым бойынша өтуде. Оның іщінде дәнекерлеушілер мен тас қалаушылар, шаштараздар мен аспаздар, монтажшылар мен желілік әкімшілер де бар. Ал мына бөлмеде болашақ электриктер бақ сынасуда. Мұндағы жігіттер 4 сағаттың ішінде есептегіш құралды орнатып, оны тоққа қосулары қажет.

Андрей Яровой – СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

– Дәл қазір мен схема бойынша тапсырманы орындаудамын. Ең алдымен жарықтандыру мәселесін шешіп алу қажет. Сымдарды қиып, өлшеп алуым керек. Мұндай схеманы бұрын да жинағанмын. Бірақ, ол оқу барысында болатын. Ал мынадай ауқымды жарысқа алғашқы рет қатысудамын. Жеңіске деген үмітім зор.

Аймақтық сында үздік деп танылғандар мамырда Астанада өтетін Ұлттық чемпионатқа жолдама алады. Сонымен қатар, олар ел намысын халықаралық байқауда да қорғайтын болады деп жоспарланған. Ол ағымдағы жылдың қазан айында Біріккен Араб Әмірлігінде өтпек.

 

Айгерим Ержанова