МТРА жаңалықтары

Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген үздік офицерлер марапатталды

Талабы мен талғамы жоғары әскери маман болуды бала кезінен армандаған. Сөйтіп, 2010 жылы қызметін атқыштар взводының командирінен бастайды. Жылдар бойы қызметіндегі үздік көрсеткіштері мен ерен еңбегі бүгін бағаланып, үздік офицерлер қатарынан көрінді.

Ғалим Ахмиев – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі штабы РХБ қорғаныс қызметінің бастығы:

– Кіші жасымнан әкем маған үлгі болды. Сондықтан, мен офицер жолын таңдадым. 2006 жылы Петропавл қаласындағы әскери институтта оқып, 2010 жылы Қарағанды облысына қызмет атқаруға жіберілдім.

28 жастағы капитан осы уақыт ішінде жұмыс бабы бойынша отбасымен бірге бірнеше рет қоныс аударған. Алайда, жұбайы Дана Ахмиева бұндай өзгерістерге тез үйреніп кеткен. Болашақта ұлының да әкесінің жолын қуып, қарулы күштер қатарында қызмет етсе деп армандайды.

Дана Ахмиева – Ғалим Ахмиевтің зайыбы:


–  Мен офицердің жұбайы болғаныма қуаныштымын. Жолдасым офицер деп басымды тік көтеріп жүремін.

Жылдар бойы Отанына абыроймен қызмет етіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізген үздік офицерлер алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Архат Тәттімбетов – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

– Кештің мақсаты офицерлердің жауапты әрі маңызды қызметін насихаттау. Олардың жеткен жетістіктері жайлы айтып, қатарластарына үлгі ету.

Салтанатты жиынның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Эльмира Садвокасова