МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов қарияларды ардагерлер қозғалысының 30 жылдық мерейтойымен құтықтады

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 

Cіздерді Республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Ардагерлер-біздің алтын діңгегіміз. “Қарты бар ел-қазыналы ел” деген халық даналығы тегін айтылмаған. Тарихтың көзі, өткеннің дәлелі, кешегінің жалғасы -осыотырған ақ сақалды ағаларымыз бен ақ жаулықты аналарымыз. Сол қиындықтың барлығын көрген аға буын өкілдері тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалау ісіне аянбай кірісті. Ардагерлердің Елбасы ұсынған тапсырмаларды жүзеге асыруға, еліміздегі тұрақтылық пен татулықтың, этносаралық келісімнің нығаюына қосып жүрген үлестері зор.

Аймақ басшысы ең үздік ардагерлер ұйымына облыс әкімінің грантын тағайындайтындығын жеткізді. Осы жандар ұзақ жылдар бойы түрлі салада адал еңбек етті. Өмірдің ыстығы мен суығына төзіп, талай сыннан сүрінбей өтті. Мұны кейінгі толқын ұмытпайды.

Екатерина Ильина 10 жылын білім саласына арнаған. Одан кейінгі жылдардан бастап ардагерлер ұйымының қатарында қажырлы еңбек етуде. Кейуанаға бүгін облыс әкімі құрмет көрсетіп, грамотамен марапаттады.

Екатерина Ильина – Петропавл қаласы әкімінің аппараты жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы:


– 1980 жылдардың басында аудандарда және кәсіпорындар мен мекемелердің жанынан бастауыш ардагерлер ұйымы құрыла бастады. Біз зейнет жасына шыққан адамдарды өз бақылауымызға алып, оларға материалдық көмек көрсеттік. Құқықтарын қорғадық. Зейнеткерлердің бос уақыттарын тиімді өткізуге барынша жағдай жасадық. Кейбіреуі компюьтерлік сауатылықты арттыру курстарына барып жүр. Басқалары қартайғанына қарамастан қала мен ауылдарды көгалдандыруға атсалысып жүр. Қариялар жылда Астанаға экскурсияға барып тұрады.

Айтулы мерейтоймен жерлестерімізді орталық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бекболат Мукушев те құттықтап, ел игілігі жолында ерік-жігерін аямаған аға буын өкілдерін марапаттады. Еңбегі бағаланғандардың қатарында Сәуле Қасымова бар. Көпбалалы ана еңбек жолын сауыншыдан бастап, кейін саяси-қоғамдық жұмыстарға араласқан. Елдімекендерде атқарылып жатқан ілкімді істердің басы-қасында жүрген.

Сәуле Қасымова – Астраханка ауылдық округының бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы, Аққайың ауданы:


– Соңғы 5 жылдың көлемінде ауылдарға айтарлықтай жағдай жасалуда. Жолдар жөнделіп, үйлерге таза ауыз су тартылды.

Салтанатты жиын барысында жерлесіміз Оралбай Сағындықовтың есімі және өмр жолы орталық ардагерлер кеңесінің Құрмет кітабына жазылғандығы туралы көпшілікке мәлімделді. Ақсақал бүгінде М.Жұмабаев ауданының ардагерлер ұйымына жетекшілік етеді.
Жастың ұлғайғандығына қарамастан аға буын өкілдері үнемі алдыңғы шепте жүр. Олардың еткен еңбектері ерлікке пара-пар деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.
Қазір өңірімізде 539 бастауыш ардагерлер ұйымы тіркелген. Оған 80 мыңға жуық зейнеткер мүшелік етеді.

Жиын барысында бірнеше азамат “Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті ардагері” төсбелгісімен марапатталды. Сәбит Мұқанов Тайынша ауданының дамуына үлес қосып жүр. Атамызға сәби күнінде Қазақстанның халық жазушысы Сәбит Мұқановтың өзі азан шақырып есім қойыпты. Ел үмітін ақтайтын азамат болсын деп батасын да берген көрінеді.

Сәбит Мұқанов – Тайынша аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Өңірімізде ауыл шаруашылығы саласында ілгерілеушілік бар. Техникалар мен технологияларды жаңартып, гектарынан мол астық алатын болдық. Малдардың басы көбейіп, халықтың әл-ауқаты артып келеді.

Бұл күні өңір өнерпаздары да ән-жыр, би арқылы аға толқынға алғыстарын білдірді.

Берік Қасен