Ауыл шаруашылығы

Тайынша ауданында 22 ауыл шаруашылығы копперативі жұмыс істеуде

Былтыр мұның бәрін жеке меншіктің қолынан “Келлеровка-Прогресс” ауыл шаруашылығы копперативі құрамындағы “Алмаз” шара қожалығы сатып алыпты. Кейін, кәсіпкерлер ғимараттарға жөндеу жұмыстарын жасап, ірі қара мал өсіруге кіріскен.

Алмазхан Амирасланов – “Алмаз” ШҚ басқарушысы, Тайынша ауданы:


–  Келлеровка селосының тұрғындарынан өз қаражатыма 35 бас тайынша сатып алдым. Олардың барлығы – сүтті бағыттағылар. Қазір малдар қыстан аман шықты. Болашақта “Ырыс” бағдарламасы арқылы 40 сиыр алмақшымыз.

Шаруа қожалықтың иелігіндегі ірі қараның дені – қара-шұбар мен қазақы ақ бастар. Олардың кейбірі жуырда алғаш рет бұзаулапты. Мұнда енді малдарды американдық “Лимузин” тұқымды бұқасымен будандастырып, етті және сүтті бағыттағы төл өсіру жоспарланып отыр. Шаруа қожалығы егін шаруашылығымен де айналысады. Биыл олар 500 гектар жерге зығыр мен арпа дәнін сеппек. Қазір мамандар астықты кептіріп, көктемгі дала жұмыстарына дайындалуда. Жалпы, “Келлеровка-Прогресс” ауыл шаруашылығы копперативіне 32 жеке кәсіпкерлік біріккен. Қазір, бұл ұйымда сүтті бағыттағы 330 бас сиыр бар.

Ержан Хамитов – “Келлеровка-Прогресс” АШК құрылтайшысы, Тайынша ауданы:

– Былтыр сиырларды будандастыру үшін 3 млн 800 мың теңгеден аса қаржыға 11 бас герефорд және ангус тұқымды бұқа сатып алдық. Жұмсалған қаражаттың 40 пайызын мемлекет субсидиялады. Копперативке кіремін деуші жандардың құрамы күн сайын артуда. Ұйым құрамындағы кәсіпкерлер “Ауыл шаруашылығын қаржылау қолдау қорынан” 7 жылға 6 пайыздық үстеме ақымен жеңілдетілген несие ала алады.

Биыл “Келлеровка-Прогресс” ауыл шаруашылығы копперативі 50 млн теңгеге несие рәсімдепті. Бұл ақшаға ұйым тағы 200 бас ірі қара сатып алмақ. Ата кәсіпті мықтап қолға алған азамат Ержан Хамитов төрт түліктің біріне арнап мал қорасын тұрғызған. Тағы, тереңдігі 75 метр болатын құдық қаздырыпты. Жалпы, Келлеровка ауылдық округінде мемлекеттік көмегіне жүгінгендердің саны жыл артқан сайын көбейіп келеді екен.

Ержан Жұмабаев – Келлеровка ауылдық округінің әкімі, Тайынша ауданы:

– Өткен жылы “Ырыс” бағдарламасы арқылы 32 жоба сәтті жүзеге асты. Олардың барлығы сүтті бағыттағы сиырларды сатып алды. Тұрғындар сүттің литрін “Тайынша сүт” серіктестіне 75 теңгеден өткізуде. Бүгінде Келлеровка ауылдық округінде 1000-нан аса ірі қара бар.

Жалпы, бүгінгі таңда Тайынша ауданында 22 ауыл шаруашылығы копперативі жұмыс істеп тұр.

 

Байболат Құлтанов