Әр түрлі

Сәуірде ауаның орташа температурасы -3-5 градус шамасында болады

Айгерім Ержанова, тілші:

– Сәуір айында күн жылынып, жылы жаққа кеткен құстар қайта оралады. Бірақ, биыл бұл ай қыңыр мінез танытты. Күні кеше ғана өңірде қар жауып, қатты жел тұрды. Ал, бүгін күн шығып, ақ ұлпа қайта ери бастады. Енді сәуірден не күтуге болады? Мамандардан біліп көрсек.

Синоптиктер сәуір айында күннің салқын райы қаһарынан қайтып, жылына түседі дейді. Мәселен, бірінші онкүндікте күндіз ауа температурасы 3 градус жылы болады деп күтілуде.

Гүлзат Ғазизова – “Қазгидромет” РМК СҚОФ бөлiм басшысы:

– Екінші онкүндіктің бірінші жартысында ауа температурасы 3 аяз бен 2 жылыға, күндіз 2-7, кей жерлерде 12 жылыға дейін төмендейді. Онкүндіктің екінші жартысында түнде 2-7 жылыға, күндіз 7-12, кей жерлерде 17 жылыға дейін жоғарылайды.

Мамандардың болжауынша, шуақты күндер сәуірдің 20-сынан кейін көбейе түспек. Бұл уақытта сынап бағанасы +22 градусқа дейін көтеріледі деп күтілуде. Жалпы аталған айда ең жоғары температура өткен ғасырдың 82-ші жылында +30 болып тіркелген. Ал ең суық кез 1963-ші жылдың бірінші сәуірінде болған. Ол кезде сынап бағанасы -26-ға дейін жетіпті. Солтүстіктің қаһарлы қысынан жалыққан тұрғындар күннің жылынып, жердің құрғағанын асыға күтуде.

–  Қар тез еріп, күн жылынса екен. Далада жүріп, таза ауамен жиі демалушы едік.

– Әрине, көктемнің жылы болғанын қалаймын. Өйткені, жер құрғаса немереммен далаға шығып тұрамын. Айналада ертерек жасыл түске боялса екен деймін. Бұл біздің көңіл күйімізге де өз әсерін тигізеді.

Сонымен қатар, сәуір айында жауын-шашын да мөлшерден тыс жауады деп күтілуде. Оның арты көктайғаққа ұласуы мүмкін. Сондықтан да жолда абай болғандарыңыз жөн.

Айгерім Ержанова