МТРА жаңалықтары

Орман өрттерінің алдын алу шаралары пысықталуда

Анатолий Усольцев – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

– Біздер 27 наурыздан бастап орман шаруашылықтарының қауырт маусымға даярлығын тексере бастадық. Осы уақытқа дейін қаралған мекемелердің жағдайы көңіл көншітерлік. Оларда құралдар мен техникалар жөнделген. Ол шаруаға 8 млн теңге жұмсалыпты. Байланыс құрылғылары қалыпқа келтірілуде. 40 тонна жанар-жағармай қоры әзірленген. Алдын алу шаралары толығымен жүргізіліп, түсіндіру жұмыстары жасалды. Тағы көрші облыстармен әріптестік орнату жайы талқыланып, даярлық шаруалары да пысықталды.

Соңғы 4 жылда облыстық бюджеттен бөлінген 134 млн теңгенің арқасында орман шаруашылығы мекемелері жаңа техникаларға қол жеткізген.

Анатолий Усольцев – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

–  Орман шаруашылығы мекемелері өз қаржысына да материалдық-техникалық базаларын нығайтуда. Мысалы, өткен жылы сомасы 34 млн теңгеге түрлі техника алынды. Олардың ішінде, 7 «УАЗ», 5 радиостанция, 7 тіркемелі құрылғы, 2 жоғарғы қысым беретін өрт сөндіру құралы, 22 су бүріккіш қондырғылар бар. Биыл да тағы арнайы қаржы есебінен 77 млн теңгеге техника алу жоспарлануда.

Мамандар үшін өткен жыл қолайлы болған. Ормандарда ірі өрт оқиғалары орын алмады. Десе де, екі факті тіркеліп, от 0,38 га аумақты шарпыған. Орманшылар көп жағдайда табиғат байлығының жалынға орануына тұрғындардың өздері себепкер болады деп отыр. Өйткені, олар қарапайым сақтық шараларын ұстанбайтын көрінеді.

 

Мағжан Ахмадина