Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Есіл ауданында болды

Владимир Чубыкин – «Егін» ЖШС директоры, Есіл ауданы:


–  Макарон өнімдерін тек Қазақстанда ғана емес, Түркменстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінде да саудалаймыз. Өзге нарықтарды да байқап, басқа жақтарға шығуды да жоспарлап отырмыз.

Мұнда шығарылатын тауар түрлерін серіктестік директоры облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа көрсетті. Ұн, кебек және түрлі маркамен шығарылатын макарон өнімдері бүгіндері үлкен сұранысқа ие. Сондықтан, теріскейде осындай кәсіпорындар көп болуы керек деді өңір жетекшісі.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Өңір бойынша қайта өңдеу көлемі 20 пайызды ғана құрайды. Бұл, әрине, аздық етеді. Біз барлығын шикізат ретінде саудалаймыз. Сондықтан, әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін көптеп өңдеу керек. Осы істі қолға алу маңызды. Өйткені, мемлекеттің қолдауы жақсы. Жолдар жасалады, энергия тарту мен инфрақұрылым жүйесін дамытуға көмек көрсетіледі. Жалпы бизнесті өркендетуге жақсы жағдайлар қарастырылған.

Көктемгі-дала жұмыстарына мұндағылар сақадай сай отыр. Биыл серіктестік майлы дақылдарды себуге де басымдық бермек.

Владимир Чубыкин – «Егін» ЖШС директоры, Есіл ауданы:

– Өткен жылы екі жарым мың гектар жерге майлы дақылдар ексек, биыл оны 3 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы қазір сұранысқа ие дақыл.

Құмар Ақсақалов Қытайда теріскейлік өнімдер сұранысқа ие екендігін айтты. Ендеше аспанасты еліне кебек жеткізуге де болады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  60 мың тоннаға жуық кебекті қытайлықтар бізден алуға дайын отыр. Сондықтан, өнімдеріңіз сұранысқа ие болады.

Кәсіпорын 100 адамды еңбекпен қамтып отыр. Егіс пен орақ науқанында олардың саны екі есеге артатын көрінеді. Осы ретте аймақ басшысы тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтудың маңызына тоқталды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Өнімді өңдеуді мықтап қолға алу керек. Сонда жұмыс орындары ашылады. Біздер өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған ауыл тұрғындарын салық төлейтіндей тұрақты жұмыспен қамтуға тырысу қажетпіз. Мемлекет бизнеске жан-жақты қолдау көрсетеді, субсидиялар қарастырылған, тағы техниканы лизингке береді. Сондықтан, тұрғындарды жыл он екі ай жұмыспен қамтитын өндіріс орындарын ашу маңызды.

Облыс әкімімен кездесуге ауданның өзге де аграрийлері жиылыпты. Олар алдағы қауырт маусымға дайындықты пысықтауда. Диқандар дизельдік отын, тыңайтқыштар жеткілікті, проблема жоқ деп отыр. Жалпы Есіл ауданындағы егістік алқаптарының көлемі 280 мың гектарға жуық болса, биыл соның 48 мыңы парға қалдырылған.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Біздер сапалы егіс айналымын енгізу керекпіз. Сондықтан, аудан әкімдеріне осындай талап қоятын боламыз. Ал, өз кезегінде олар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен жұмыс жасап, тың технологияларды көптеп қолдануға тырысулары қажет.

Ал, мынау – «Агрохимснаб» серіктестігі. Кәсіпорын егін егумен қатар, мал шаруашылығымен де айналысады.

Василий Шкодин “Агрохимснаб” ЖШС директоры, Есіл ауданы:

– 150-170 бас аламыз деп жоспарлаған болатынбыз, қазір міне, соның 30 пайызын орындап отырмыз. 50 төл бар. Сәуір, мамыр айларында да сонша бұзау туылады деп күтілуде. Өткен жылы 59 тонна ет алдық. 130 бас асыл тұқымды тайша, тағы ет комбинатына 40 бас мал сатылды.

Серіктестікте бүгіндері 450 бас ірі қара мал бар. Кәсіпорын жұмысымен танысқан аймақ басшысы бұл салаға деген мемелекет қолдауы зор екендігін айтты.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Осындай фермалар көп болуы керек. Өйткені, бізде жем-азық қоры жеткілікті. Әрі шөптің тоннасының бағасы да өзге өңірлерге қарағанда арзанырақ.

Жұмыс сапары барысында Құмар Ақсақалов Явленка селосындағы «Алтын Есіл» супермаркетіне да ат басын бұрды. 600 шаршы метрге жайғасқан сауда үйі 12 мыңнан астам тауар түрін саудалайды. Облыс әкімі мұндағы бағаларды көріп, нан, ет өнімдеріне деген сұраныстың қаншалықты екендігін сұрастырды. Кейін осындай сауда нүктелері барлық аудандарда болуы керектігін айтты.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Сауда осындай болуы керек. Заманға сай әр ауданда өркениетті сауда орындары болғаны абзал. Таза, кең жерде, тұрғындар керек нәрсесін алып, уақытын жоғалтпауы тиіс. Қызмет көрсету сапасы да жақсы деңгейде болғаны жөн. Сондықтан, көше саудасын тоқтатып, осындай стандарттарға көшу керек.

Бұдан соң, өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов қоғам өкілдерімен кездесті. Жиында маңызды деген сауалдар талқыланды.

Мағжан Ахмадина