Қоғам

Биыл “Ветеран” клубының құрылғанына 28 жыл толады

Нина Полещук – “Ветеран” клубының мүшесі:

– Өзім белсендімін. Бұрын мектепте жұмыс істегенімде түрлі мерекелік және шығармашылық кештер ұйымдастыратынмын. Сол үйреншікті ісімнен әлі арылған жоқпын. Маған бұл жандардың арасында болған ұнайды. Аз уақыттың ішнде олардың әрбірі туғанымдай болып кетті. Клубта біз сырласып, өмірден білген-түйгенімізбен бөлісеміз.

Байболат Құлтанов, тілші:

– “Ветеран” клубының белсенділері жиі бас қосады. Олар дастархан басында өзара әңгімелесіп, қызықты оқиғаларды еске түсіруді әдетке айналдырған. Сонымен қатар, бұл жандар қаламызда өтетін түрлі мерекелік кештерге де қатысады. Мәселен, қазір зейнеткерлер келесі іс-шараға дайындық үстінде.

“Ветеран” клубының мүшелері 9-шы мамыр – Ұлы Жеңіс күніне әзірлікті бүгіннен бастаған. Олар, әзірге, айтулы мереке қарсаңында бір-бірлерінің пікірлерін тыңдауда. Осы жылы қарттар ҰОС қатысқан ардагерлердің құрметіне кеш ұйымдастырмақ. Ал, былтыр ұйым мүшелері Жеңіс күнін ерекше атап өткен екен.

Паулина Соколова – “Ветеран” клубының төрайымы:

– Өткен жылы мерекеде дастархан жайылды. Ардагерлер де қонаққа келді. Кейін, “Жеңіс” саябағындағы ескеркішке гүл шоқтарын қойдық. Соғыста қаза тапқан жандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алдық. Бұл – біздің міндетіміз. Бізге бейбітшілік сыйлаған адамдарды ұмытпауымыз керек.

Дастархан басына жайғасқан жандардың барлығы шеттерінен өнерлі. Ақынжандылары үнемі әдеби кештерге қатысып отырады екен. Ал, әншілер болса құлақтың құрышын қандыра ән шырқауға құмар.

Жалпы, бүгінде Петропавлда 175 бастауыш ардагерлер ұйымы бар.

Байболат Құлтанов