Спорт

Петропавлда жасөспірім қыздар арасында волейболдан ел біріншілігі өтуде

Бұл кезеңнің қорытындысы – 25 те 8. Жеңіс Шығыс Қазақстан облысының бұрымдыларына бұйырды. Ал, келесі партияда маңғыстаулық жасөсіпірімдер жарады. Олар үзілісте жаттықтырушыларының ақылын тыңдаған болулары керек, алтайлықтарға лайықты қарсылық көрсетті. Дегенмен, ақ түсті жейдедегі қыздар басымдықты қолдарында ұзақ ұстай алмады. Кезең соңында өскемендік өрендер ес жиып 25 те 20 есебімен тағы да жеңіске жетті.

Камила Фархатова – “Алтай” құрамасының шабуылшысы, ШҚО:

– 1-ші кезеңде оңай жеңдік. 2-ші партияны қарсыластарға беріп қоя жаздадық. Жарысқа жақсы дайындықпен келдік.

Ал, үшінші партияда “Алтай” құрамасы қарсыластарын ойсырата ұтты. Сонымен, олар кездесуді 3-те 0 есебімен аяқтап, ел чемпионатында 5-ші орын иеленді. Жалпы, Петропалда 1999-2000 жылғы туылған қыздар арасында волейболдан көктемгі ҚР біріншілігі наурыздың 30-ы күні басталды. Жарысқа ала допты алақандарында ойнатқан 8 құраманың бұрымдылары қатысуда. Бұл бәсекеде біздің өңірдің спортшылары – бас жүлдеден үмітті командалардың бірі.

Берік Исеков – жарыстың бас төрешісі:


–  Солтүстік Қазақстан облысының қыздары – күзгі және қысқы чемпионаттың чемпиондары. Кеше біздің команда “Жетісу” құрамасын 3-те 2 есебімен тізе бүктірді. Қыздардың чемпион атануға бар мүмкіндіктері бар.

Бүгін солтүстікқазақстандықтар Павлодар облысының волейболшыларымен бақ таластырады.

– Жарысқа қатысып жатқан жергілікті қыздардың ойыны көңіл қуантады. Әзірге, Солтүстік Қазақстан облысының бұрымдылары көш басында келе жатыр. Жалпы, теріскей төрінде ел біріншілігі ертең өз мәресіне жетеді. Сәуірдің 4-і күні жергілікті қыздар ОҚО-ның спортшыларымен күш сынаспақ.

 

Байболат Құлтанов