Ауыл шаруашылығы

Мамлют ауданындағы «Агрофирма «Мамлютское» серіктестігі 12 мың гектар алқапқа егін екпек

Рудольф Гасман – «Агрофирма «Мамлютское» ЖШС басқарушысы, Мамлют ауданы:

– Бізге жуырда көліктерге жаңадан бөлшектер әкелінді. Енді, қазір оларды орнатып жатырмыз. Ауа райы мүмкіндік берсе сәуірдің 20-сына қарай көктемгі дала жұмыстарына кірісеміз. Алдымен, алқаптарды бораналамақшымыз. Кейін, мамырдың 8-іне қарай жерге ырыс дәнін сіңіреміз. 180 тонна жанар-жағармай сатып алдық. Бұл біз үшін жеткілікті.

Жалпы, “Агрофирма “Мамлютское” серіктестігінің атқарушы директоры Владимир Грачёвтің сөзінше өткен жыл жемісті болған. Былтыр кәсіпорынның жер емген диқандары көктемде 12 мың гектар жерге ырыс дәнін сіңіріпті. Орақ науқанында ала жаздай күтіп баптаған астық берекелі өнім берді. Гектарына бидай – 40, зығыр – 15, ал рапс 28 центнерден айналған. Енді, биылда шаруалар көл-көсір табысқа кенелуді көздейді.

Владимир Грачёв – «Агрофирма «Мамлютское» ЖШС атқарушы директоры, Мамлют ауданы:

– Сапалы астық жинау үшін көктемгі дала жұмыстары кезінде танап басында ерінбей еңбек ету керек. Биыл тағы 12 мың гектар алқапқа дән сеппекшіміз. Оның 9 мың гектарына майлы дәнді дақылдар егеміз. Өйткені, зығыр, рапс және күнбағысқа нарықта сұраныс басым.

Қазіргі таңда агроқұрылымда қауқары күшті шетелдік 5 дән себу кешені бар. Серіктестік басшылығы жуырда тағы бір осындай техника сатып алуды көздейді.
Сондай-ақ, бидайдың бітік өсуіне минералды тыңайтқыштардың көмегі зор. Биыл шаруашылық зиянкестерге қарсы қолданылатын дәріге шамамен 250 млн теңге жұмсамақшы.

Владимир Грачёв – «Агрофирма «Мамлютское» ЖШС атқарушы директоры, Мамлют ауданы:

– Көктемгі дала жұмыстарын бастауға аз уақыт қалды. Біз осыны ескеріп алдын ала мемлекеттен минералды тыңайтқыштарға жұмсалған қаражатты субсидиялауға өтініш бердік. Жалпы, маусымдық жұмыс кезінде серіктестікте 126 адам еңбек етеді. Олардың орташа жалақылары 117 мың теңгені құрайды.

Жалпы, қазіргі таңда Мамлют ауданында астық өсірумен айналысатын 280-нен аса шаруашылық бар. Олар биыл 170 мың гектарга жуық алқапқа егін екпек. Оның басым көпшілігіне бидай өсіріледі.

Қанат Әубәкіров – Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

– Ауданда тұқым инфекциясын болдырмас үшін 18 мың 400 тонна дән дәріленеді. Яғни, бұл бағытта 100 пайыз жұмыс атқарылмақ. Көктемгі дала жұмыстарына, әзірге, элиталы және бірінші репродукциялы 257 тонна тұқым әкелінді. Жанар-жағармай қорының 45 пайызы дайын. Отынның 1 литрін 126 теңгеден сатып алдық.

Биылғы егін егу науқанына Мамлют ауданы бойынша 1000 нан аса техника қатыспақ. Үстіміздегі жылы агроқұрылымдар жалпы құны 210 млн теңгеден асатын 9 бірлік көлік сатып алған.

 

Байболат Құлтанов