МТРА жаңалықтары

Ардагерлер қозғалысына – 30 жыл

Бүгінгі іс-шарада өз саласында жылдар бойы еңбек етіп, еліміздің дамуына өз үлесін қосқандар бірқатар марапатқа ие болды. Олардың қатарында Людмила Филиппова да бар. Ардагер ұстаз саналы ғұмырының 20 жылын жас ұрпақты тәрбиелеп, олардың сапалы білім алуына арнаған. Ал қазір Жоғары оқу орнындағы педагогика факультеті жанындағы ардагерлер кеңесіне төрағалық етуде.

Людмила Филиппова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ педагогика факультеті жанындағы ардагерлер ұйымының төрайымы

– Біз әрдайым мектептер мен университет қабырғасында өтетін шараларға қатысамыз. Ұйымымыздың бастамасымен әр түрлі отырыстар ұйымдастырып, студенттердің өмірінде кездесетін мәселелердің шешімін табуға көмектесеміз. Мәселен, педагогика саласында білім алып жатқан студенттерімізді болашақ мамандығын сүюге шақырып, насихаттаймыз.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-тi жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымы 1988 жылдан бастап жұмыс істеуде. Сол уақыттан бері олар кезінде ЖОО-нда еңбек еткен қариялардың материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартып, қолдау көрсетуде. Жалпы аталған ұйымға 400-ден астам адам мүшелік етеді, оның 145-і -профессор.

Жақсылық Ғалиев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы

– Бұл жұмысты тек қана ардагерлер кеңесі ғана емес, арнайы тәрбие жұмысы бойынша департаментімен бірге атқарады. Біз әлеуметтік сұрақтар мен олардың университет өміріне қатысуын қарастырамыз.

Ардагерлерді ардақтап, құрметтеу – жас ұрпақтың парызы. Университет қабырғасында құрылған студенттік өзін-өзі басқару ұйымы қазыналы қарияларға үлкен көңіл бөлуде. Мәселен, жыл басынан жастар білім беру саласындағы 12 ардагерге барып, өз көмектерін көрсеткен.

Олжас Сәбитов – студент:

– Біз ардагерлерді құрметтейміз. Оларға әрдайым көмек қолын созуға тырысамыз. Университетіміздің 80-жылдығына орай, бірқатар қарияларымызға кіріп-шығып, олардың көңілін біліп қайттық.

Кейін жиынға қатысушылардың назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.

Жалпы қала бойынша 42 мың зейнеткер болса, олардың 22 мыңы бастауыш ардагер ұйымдарына мүшелік етуде.

Эльмира Садуакасова