МТРА жаңалықтары

СҚО-да 2018 жылы 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі біліммен толық қамтылады

Күлпәш Қалғожина – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– 2019-шы жылдан бастап 10-шы және 11-ші сынып оқушылары жаратылыстану бағытындағы пәндерді, яғни химия, биология, информатика сабақтарын ағылшын тілінде оқитын болады. Бұл мәселені шешу үшін бүгінде 148 мұғалім арнайы курстардан өтті, тағы 18-і қазір оқып жатыр. Аталған жаңашылдық мектептерге бірден енгізілмейді. Білім ұясы талаптарға сай жабдықталса ғана осы бағытта жұмыс істей бастайды.

Материалдық-техникалық жабдықтарға келер болсақ, былтыр білім ұяларына компьютер алу үшін облыстық бюджеттен 100 млн теңге бөлініпті. Нәтижесінде 1 мыңнан астам компьютер мен 392 мультимедиалық құралдар алынған. Биыл бұл іс тағы 269 мектепте жалғасын таппақ.

Сондай-ақ, облыста кәсіптік біліммен қамтуда да бірталай жұмыстар атқарылуда. Мәселен, былтырғы жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша 2 мың 578 білікті маман даярланды. Оның 1 мың 840-ы жұмыспен қамтылған.

Владимир Ткаченко – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– “Мәңгілік ел жастары – индустрияға” жобасы аясында 6 колледжде 12 мамандық бойынша 363 студент білім алуда. Биыл М.Жұмабаев ауданында 60 орынға шақталған жатақхана бой көтерді. Оның құрылысына 50 млн теңгеге жуық қаражат аудан бюджетінен бөлінді. Ал 2016-2017-ші оқу жылына 3 мың 66 маман даярлау бойынша мемлекеттік тапсырыс келіп түсті.

Баспасөз мәслихатының соңында БАҚ өкілдері спикерлерге өз сұрақтарын жолдады. Дені өңірде бала санының аздығынан жабылатын мектептерге байланысты болды. Бүгінде облыстағы білім ұяларының 80 пайызы аз қамтылған екен. Осы жылы 15-ке жуық мектеп жабылады деп болжануда.

Күлпәш Қалғожина – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Бізде жыл сайын 10-15 мектеп жабылып отырады. Олардың дені бастауыш мектептер. Себебі, Үкіметтің қаулысы бойынша білім ұясында кем дегенде 5 бала болуы керек.

Тағы айта кететін жәйт, келер жылы өңірде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесі толығымен оң шешімін таппақ. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Петропавл қаласында 800 орынға шақталған үш балабақша бой көтермек.

 

Риат Шони