Мәдениет

Петропавлда швед суретшісінің көрмесі өтуде

2015 жылы дәл осы көрме Швецияда өткізілген. Онда еліміздің шығысындағы қасіретті түпкілікті бейнелеген дәл осы үлкен коллаж ілінген екен. Шараға ол елдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Христиан Камилл де қатысыпты. Бұл көрменің бүгін Қазақстанда өткізілуінің себебі осы.

Христиан Камилл – Швецияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

– Гетеборг қаласында көрме өткізілгенде ондағы қойылған суреттердің Қазақстанға тікелей қатысты екенін білгенде бірінші келген ой осы болды. Былтыр Дәл осы Семей полигонының жабылғанына 25 жыл толды ғой. Соған орай шараны бірінші Астанада, кейін Семейді еткіздік. Бүгін міне сіздерге де жетті. Автор мұндағы көрермендеріне арнап арнайы хат жазып жіберді. Бұл картиналар арқылы барлық адамдар атом бомбасының қаншалықты апат алып келетінін түсінеді.

Семейдегі бейбіт уақытта адамдарды ешқайда көшірместен жасалған сынақтардың нәтижесі оң болмады. Бүгінде, тіпті шөп шықпайтын ол жерді суретші көзімен көрмесе де шама шарқынша жеткізіп берген.

Ақбөпе Тәңірберген, тілші:

– Бір қызығы швед суретшісі Туве Крабо Қазақстанда бір-ақ рет болған. 2013 жылдан техногендік зілзала орын алған жерлерді пейзаж арқылы бейнелеуге қызығушылығы ауған. Сөйтіп, Семей полигоны жайлы интернеттен іздеп білген. Қиялына қанат біткен автордың шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде туған оннан артық картина бүгінде осы залда ілулі тұр.

Мына картина “Шаған көлі” деп аталады. Өзеннің жағасында – жайма-шуақ, мамыражай тыныштық. Ал, су асты – астас-кестен. Шала туған сәбилер, тұңғиыққа батып бара жатқан жандар. Автор – “Өз кескіндемемді мәтінмен жеткізе алмайтындай ерекше дүние етіп салуға тырысамын. Суретімде – драма, қозғалыс, көңіл-күй, жарық пен қараңғылық бар”, деп атап кетіпті.

Жібек Жүзенова, облыстық бейнелеу өнері мұражайының қызметкері:

– Ауыр, күрделі суреттер қойылған. Зіл-даланы басқаша жеткізу мүмкін емес. Біз атомның зияныдығы, қасірет төнретіні жайлы айтуымыз керек. Бұл орайда Қазақстан мен Швецияның арасындағы байланыстың рөлі зор.

Ерекше көрме Петропавлда сәуір айының аяғына дейін жалғасады. Кейін еліміздің өзге қаласына жеткізілмек.

 

Акбопе Танирберген