МТРА жаңалықтары

Петропавлда “1+1” ән байқауы өз мәресіне жетті

Бүгінгі сайыста бұл жұп «Get lucky», яғни жолы болғыштар әнін орындамақ. Олар үздіктер қатарынан болатынына сенімді. Десе де нәзікжандылар қарсыластарының да осал еместігін біледі.

Дана Хамзина – байқауға қатысушы:

– Байқауға алғаш рет қатысудамын. Өзім кәсіби әнші емеспін. Өткен жылы әкем осы сайыста өнер көрсеткен. Мен де биыл бағымды сынап көруді жөн санадым. Ксениямен бұрыннан таныспыз. Даусымыз бір-біріне келеді. Бүгін жеңіске жетеміз деген ойдамын. Дегенмен, қобалжу бар, әрине.

Міне, ән додасы да басталды. Алғашқылардың бірі болып сахнаға кәсіби әнші Ксения Кирьянова мен «Қазақтелеком» АҚ-ның бөлім басшысы Елена Аличева шықты. Олар «Қалыңдық» деп аталатын рок жанрындағы әнді шырқауда. Нәзікжандылардың сырт-келбеттері де бүгінгі өнерлеріне сәйкестендіріліпті.

Аталмыш шара өңірімізде 2015-ші жылдан бастап дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл сайыстың 3-ші маусымы өтуде. Жыл сайын ән додасының сапасы жақсарып, қатысушылар саны да артуда.

Инесса Богинская – байқауды ұйымдастырушы:

– Бұл маусымның қатысушылары мықты. Дайындықтары жақсы. Кімнің жеңіске жететіндігін болжап айту да қиын. Қатысушылар әр түрлі жанрда өнер көрсетеді. Бірақ, биылғы ерекшелік рэптің қосылуы болып отыр.

Мұнда келген әр өнерпаз жүлдегер атануға үмітті. Бірақ, жеңімпаз біреу ғана. Ол – Евгений Грязнов пен Максим Косенконың жұбы. Алғашқысы кәсіби әнші болса, екіншісі – өнерге қатысы жоқ инженер маман. Бірінші орынға оларға 100 мың теңге табысталды.

 

Айгерим Ержанова