МТРА жаңалықтары

Қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы

Алма Қасымғожина – Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

– Биылдан бастап бағдарлама аясында 9-11-сыныптардың түлектері, кәсіби мамандығы жоқтары тегін кәсіптік-техникалық білім алады. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар да басты назарға алынады. Бағдарламаға қатысушылар қаламыздағы 6 бірдей колледжде 6 ай кәсіптік оқытудан өтеді. Біз азаматтарға шамамен 115 мамандық түрін ұсынбақшымыз.

Биыл “Жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамту” бағдарламасы аясында 280 петропавлдықты оқыту көзделген. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 48 млн теңге бөлінді. Азаматтар кәсіптік-техникалық білімді тегін алады. Оған қоса стипендия мен жол ақысы төленеді. Күніне бір рет ыстық тамақ беріледі. Осы орайда кеңес мүшелері кадр сапасына да аса мән берілу керектігін қадап айтты. Себебі, соңғы кезде маманның біліктілігіне жұмыс берушілердің көңілдері толмайтын болған.

Бүгінде қалада еңбекке қабілетті петропавлдықтардың 4,3 пайызы немесе 5 мыңы бос жүр. Кеңес мүшелері бұл мәселеге де ерекше тоқталды. Кадрларды даярлау бойынша мәліметтер БАҚ-да жариялау, еңбек нарығына қажетті кадрлардың санын нақтылау бойынша ұсыныстарын білдірді.

Жиында сондай-ақ денсаулық сақтау саласының мамандарына да халық арасында ақпараттандыру шараларын күшейту қажетігі айтылды. Адамдар скринингтік тексерістерден өтсе дертті ерте сатысында анықтауға мүмкіндік бар.

Меңсұлу Кошекова – Облыстық кардиологиялық орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

– Өңірімізде қан айналым жүйесінің ауруларынан болатын өлім көрсеткіші 24,8 пайызға азайды. Былтыр 346 петропавлдық өткір миокард инфарктісі бойынша емделді. Олар бір жыл бойы емханаларда диспансерлік есепте тұрып, оңалтудан өтеді.

Отырыста міндетті медициналық сақтандыру туралы да сөз қозғалды.

Берік Қасен