Спорт

Петропавлда “Мен – чемпион” спорттық ойынының облыстық кезеңі аяқталды

Марат Бақтыбай – “Салауатты ұрпақ” командасының жаттықтырушысы, Ақжар ауданы:

– Біздің командамыз екінші мәрте финалдық ойынға шықты. Бұл оңайға түскен жоқ. Алайда, балалар өздерінің жақсы дайындықтарын көрсетуде. Оқушыларымның бірінші орын алатынына сенімдімін.

Бірнеше команданы артқа тастаған қос құраманы үлкен бәсеке күтіп тұр. Бұл сайыстың алғашқы эстафетасынан байқалды. Қарсыластар бір-біріне дес берер емес. Алайда, аталған сында ақжарлықтардың жолы болмады.

Ернияз Амангелді – “Салауатты ұрпақ” командасының мүшесі, Ақжар ауданы:

– Бірінші сайыста қарсыластарымыздан ұтылып қалдық. Бірақ, жеңісті қолымыздан оңай бермейміз.

Қос команданың құрамында да өзгешеліктер бар. Жолбарыстықтардың сабына жаңадан екі ойыншы қосылса, ақжарлықтардың жартысынан көбі облыстық сайысқа алғаш рет қатысуда. Жалпы спорттық ойын 4 командалық эстафета мен бір капитан сайысынан тұрады.

Евгений Сазанов – “Мен – чемпион” балалар спорттық ойыны жобасының авторы, МТРА директоры:

– Сайыстардың барлығы өткен жылдағыдай. Эстафеталарға үлкен өзгешеліктер енгізілген жоқ. Жыл сайын жарысқа қатысушылардың саны артуда. Жоба мақсаты – балаларды спортпен шұғылдануға баулу.

Ойын қыза түсті. Таразы басын теңестіруге тырысқан “Салауатты ұрпақ” құрамасының бұл талпынысынан ештеңе шықпады. Сөйтіп, “арқан тартыс” жарысы да өткен жылғы чемпиондардың пайдасына шешілді.

Екатерина Иванова – “Жолбарыс” командасының мүшесі, Петропавл қаласы:

– Біз міндетті түрде жеңіске жетеміз. Біздің командамызда тек ең мықты ойыншылар жиналған. Сайыстардың барлығы бізге таныс болғандықтан, ешқандай қиыншылық тудырмайды.

Ендігі кезек алып дөңгелек жарысына да келіп жетті. Бап пен бақ қатар шабатын сайыста көк жейдедегі құраманың ойыншылары бірнеше мәрте жарақат алып қалды. Сөйтіп, уақытын жоғалтқан олар, қарсыластарына тағы бір мәрте есе жіберді.

Капитандар сайысы мен соңғы эстафетаның ұпайлары да жолбарыстық ойыншылардың қоржынына түсті. Барлық жарыста басымдылықпен жеңген петропавлдық оқушылар облыстық “Мен-чемпион” спорттық ойынының жеңімпаздары атанды. Оларды облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтап, медальдармен марапаттады.

Александр Науменко – “Жолбарыс” командасының капитаны, Петропавл қаласы:

– Қарсыластарымыз өте мықты болды. Бұған қарамастан біз ұйымшылдықтың арқасында жеңіске жеттік. Енді республикалық жарыста облысымызды биіктен көрсетеміз деген сенімдемін.

Дүбірлі дода жеңімпаздары ағымдағы жылдың мамыр айында Петропавл қаласында өтетін республикалық сайыста өңір намысын қорғайтын болады.


Эльмира Садуакасова