МТРА жаңалықтары

Өңірде “Таза сессия” акциясы өтуде

Серік Өмірбаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:

– Өкінішке орай, сыбайлас жемқорлық мәселесі елімізде әлі де өзекті. Әсіресе, академиялық қоғамдастықта. Өйткені, ЖОО-нда пара беру мен оны алу кездесіп тұрады. Біз оны түп-тамырымен жоюымыз қажет.

Жемқорлықпен күресу үшін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің мамандары түрлі акциялармен ғана шектелмеген. Мұнда білім алушыларға арналған арнайы элективті курстар да ұйымдастырылып тұрады. Бірақ, бұл әр студенттің өз қалауымен жүргізіледі екен. Биыл «Құқық негіздері мен жемқорлыққа қарсы күрес мәдениеті» пәнін 310 қыз-жігіт таңдапты. Солардың бірі – болашақ қаржыгер Нұрлан Өмірзақов.

Нұрлан Өмірзақов – студент:

– Бұл пән біздерге қажет. Өйткені, бүгінгі күні елімізде жемқорлыққа бой алдырған азаматтар жайында жиі естиміз. Жастар мұндай жағдайға жол бермеулері керек. Өз басым парақорлыққа қарсымын. Өйткені, білімді ақшаға сатып алу мүмкін емес.

Кейде студенттер оқу барысында туындаған проблемаларын ақшамен шешуге тырысатындығы мәлім. Өйткені, олардың бар мақсаты білім алу емес, тек университетте оқығандығын куәландыратын құжатқа қол жеткізу болып отыр. Бүгінде бұл қоғамдық індетке айналған.

Қуаныш Жапақов – ҚР мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің департамент директоры:

– Қазір еліміздегі ЖОО-нда академиялы құндылық ұмыт қалып барады. Сондықтан, университеттерде талантты оқытушылар көп болуы тиіс. Өйткені, дәл осындай ұстаздар ғана білімді әрі кәсіби мамандарды даярлай алады. Жұмыс орнына қабылданған кезде де әр ЖОО-ның түлегі ерекшеленіп тұруы тиіс.

Осы орайда, 2021-ші жылдан бастап еліміздегі әр ЖОО-ның өз диплом үлгісі болады. Бұл университеттің білім сапасының көрсеткіші болмақ.
Айту керек, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ «Таза сессия» республикалық акциясын өткізу эстафетасын Петропавлдағы ҰҰ Әскери институтына берді.

 

Айгерим Ержанова