МТРА жаңалықтары

Биыл республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толды

– Байболат Құлтанов – тілші Он саусағынан бал тамған жергілікті ардагерлердің шеберлергіне таң қалуға болады. Олардың мына жердегі қолөнер жұмыстарының әрқайсысын алып қарасақ та асқан ұқыптылықпен, дәлдікпен дайындалғандығын байқаймыз. Менің көзіме мына көрпе түсті. Оны 77 жастағы Ділдәбаева Күлбаршын есімді апамыз тігіпті.

Зейнетке шыққанына 11 жыл өтсе де Нина Вдовенко да үйінде қол қусырып бос отырмайды. Ол үнемі жіптен жұмсақ ойыншықтар тоқуды және өзінің қиялынан туындаған бұйымдарды әзірлеуді әдетке айналдырған. Бүгінгі көрмеге нәзікжанды бірнеше туындасын ала келіпті.

Көрмедегі бұйымдарды тамашалаған соң жиналғандардың назары акт залына ауды. Мұнда алдымен бірнеше жылдар бойы ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласқан 40-тан аса жан марапатталды. Олардың қатарында 71 жастағы Хамза Омаров та бар. Жастайынан спортты жанына серік еткен ақсақал қазір де “Надежда” мүгедектер волейбол командасы қатарында сайыстарға қатысады. Бұл құрама облыс чемпионатының 6 дүркін жеңімпазы атаныпты. Қария кейінгі буын өкілдеріне өзінің ақылын үнемі айтып отырады екен.

Хамза Омаров – Мамлют аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

– Өзім бұрындары мұғалім болғандықтан жастарға ақылымды жиі айтамын. Олар еліміздің патриоттары болып өсулері тиісті.

Жалпы, қазіргі таңда Мамлют ауданында 3 жарым мыңға жуық қария тұрады. Олардың 6-уы ҰОС-на қатысқан. Тағы, 450-ден астамы – тыл еңбеккері.

Төлеген Омаров – Мамлют аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Аудандағы ардагерлер қоғамның нық тірегі деп айтар едім. Олар әр мерекелік шараға қатысып отырады. Жастарға білген-түйгендерін айтудан ешқашан жалыққан емес. Қарты бар елдің қазынасы бар деп бекер айтпаған болар. Бүгінгі мереке – баршамыз үшін үлкен қуаныш.

Республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған шара соңы мерекелік кешке ұласты. Сахнада ардагерлер мен жастар өнер көрсетіп, ән-жырдан шашу шашты.

 

Култанов Байболат