Ауыл шаруашылығы

СҚО-да ветеринария саласының мамандары 2016 жылды қорытындылады

Ербатыр Мадияров, СҚО ветеринария басқармасының басшысы:

– 2016 жылы мұндай мемлекеттік қызметтерді көрсететін станциялар арқылы 49 мың анықтама берілді, 336 мың сәйкестендіру бойынша құжаттар рәсімделді. Бүгін де аталған қызмет түрлерін көрсету біртіндеп автоматтандырылған. Олар қағаз түрінде беріліп, ақпараттық жүйеге енгізіледі.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциясы болса былтыр 8 мың мемлекеттік қызмет көрсетіпті. Оның 7 мыңы ветеринарлық сертификат беру болса, қалған бөлігі өнімді шекарадан өткізу үшін рәсімделетін рұқсат қағаздары екен. Өңірде ветеринария бойынша мемлекеттік қызмет уақытында көрсетіліп отыр, ешқандай-арыз шағым болған жоқ дейді, Марат Ыбыраев.

Марат Ыбыраев, СҚО ветеринариялық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:


– 13 мемлекеттік қызмет түрлерінің екеуін біз көрсетеміз. Анықтама және рұқсат қағазын береміз. Қазір біздің көмегімізге жүгінетіндер көп.

Петропавлдықтардың базардан ет сатып аларда күмәндануына еш негіз жоқ. Қалалық ветеринария бөлімі күн сайын ондағы етті тексеріп, аудандардан жеткізілетін өнімнің тиісті құжаттарын қарайды. Қала төңірегінде 935 ірі қара мал, 1 200-ге жуық қой-ешкі, 206 жылқы мен 216 шошқа тіркелген. Оның барлығы уақытында диагностикалық- профилактикалық жұмыстардан өтеді.

Еркебұлан Жанмұхамбетов, Петропавл қаласының ветеринария бөлімінің басшысы:

– Бүгінде 1000-ға жуық ірі қара туберкулез бен бурцулезге қарсы егілді. Оның ішінен екі сиыр мен екі қойдан бурцулез анықталды. Оларды дер кезінде ет өңдейтін жерге жібердік.

Былтыр елімізде тіркелген Сібір жарасы жайлы да айтылды. Өңірде оның алдын алу жұмыстарына жіті көңіл бөлінген. Қала маңында 1972 жылы аталмыш аурумен ауырған малдар көмілген қорым бар бар. Былтыр қала қазынасынан бұл дерттің алдын алуға бөлінген 8 млн 840 мың теңгенің 7 млн-ны сол жерді қоршап, күзетуге жұмсалыпты. Бұл мақсатқа биыл да 5 млн 446 мың теңге бағытталып отыр.

Акбопе Танирберген