Қайырымдылық

13 жасар Диананың отасына қаржылай көмек қажет

Сап-сау жүрген қыз былтыр аяқ астынан эпилепсия ауруына шалдығады. Ата-анасы отандық, ресейлік нейрохирургтерге жүгініп, қызын магниттік-резонанстық томографиядан өткізеді. Медициналық тексерістің нәтижесі мида 2-ші кезеңдегі қатерлі ісіктің барын көрсеткен. Әлбетте суыт хабар Инеш Бейсенбаеваға ауыр тиді.

Инеш Бейсенбаева үш күн бойы көз жасын тыя алмаған. Операцияны тезірек жасамаса қызыңыздың миындағы ісік ұлғайып кетуі мүмкін деген сөздер ананың мазасын қашырып, түн ұйқысын бұзды. Ресейдің нейрохирургтері бастапқы операцияға 6,5 млн теңге сұратыпты. Уақыт болса шектеулі. Туған-туыс, дос, көрші-қолаң, әріптестері көмектескенімен осыншама қомақты соманы жинау мүмкін болмады. Сөйтіп, Бейсенбаевтар жанұясы басқа түскен қайғысымен әлеуметтік желілерде бөлісуді жөн санайды. Арада көп уақыт өтпей, бейтаныс жандар есеп шотына 30 мың, кейбіреуі 100 мың теңгеден аударыпты. Инеш Бейсенбаева дәл керек уақытында қол ұшын созған адамдардың пейіліне риза. Отандастарымыздың арасында қайырымды жандар көп дейді.

Инеш Бейсенбаева:

– Қызымды аман алып қалу үшін бәріне даярмын. Мейлі, далада қалсам да басымдағы екі бөлмелі пәтерімді сатамын. Бірақ, ешқашан үмітімді үзбеймін. Менің қызым өмірге құштар. Сол жақ аяғы мен сол жақ қолы тартылып қалса да, мойымайды. Күнде күлімсіреп жүреді. Адамдарға жақын. Ашық. Біз оған дигнозы туралы басқаша айтсақ та, бөгде адамдар Дианама дерті жайлы айтып қоя ма деп қорқамын.

Жүрегі шырылдаған ананың үміті бар. Инеш Бейсенбаева жабырқап, жаны күйзеліп жүрсе де онысын қызына сездіртпеуге тырысады. 13 жасар Диана оқуда озат. Анасының айтуына қарағанда, есепті шекілдеуіктей шағады. Ағылшын тілін меңгеруге құлшынысы жоғары.

Диана Бейсенбаева:


– Өскенде аудармашы немесе анам сияқты есепші болатын шығармын. Мамандығымды нақты таңдаған жоқпын. Маған мектепте оқыған ұнайды. Үйде бос отырғанда, ашық түстес бояулармен сурет салғанды ұнатамын.

Барлығы сияқты Диананың да өз армандары бар. Өскенде ағасы Әділмен ел аралағысы келетінін айтты. Ендеше біз де кішкентай қыздың армандары орындалса екен деп тілейік. Сәуірдің 5-і Диана анасымен бірге жолға шығады. Мәскеу қаласында оған дәрігерлер миына ота жасайды. Кейін оңалтудан өтеді. Әрине, мұның бәрі Бейсенбаевтар отбасы тиісті қаражатты толық жинаған жағдайда ғана жүзеге асырылмақ. Дианаға қаржылай көмек көрсеткісі келетін жандарға анасы Инеш Бейсенбаеваның реквизиттерін ұсынамыз. Сондай-ақ, экранда телефон нөмірі көрсетілген.

Бейсенбаева Инеш Амантаевнаның реквизиттері:
жеке төлқұжатының № 036 240 684
ЖСН 700 214 450 062
тел: 8-778-150–48-18; 8 (962) 046-86-33
Халық банкі 4402 5735 0645 5163

Берік Қасен