Аптадағы маңызды жаңалықтар

Журналистер өңір кәсіпорындарын аралап, олардың жұмысымен танысты

Қазір мұнда барлығы 8 цех бар. Онда 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Мәселен, мына бөлмеде нәзікжандылар печеньенің түр-түрін әзірлеу үстінде. Жерлестеріміз көбіне «Сладкая сказка»-ның “ассорти”-ін жақсы алатын көрінеді. Яғни, бір қорапқа ақ пен қара шоколад құйылған, арасында кремі бар печеньенің бірнеше түрін араластырып салады екен. Бүгінде кәсіпорынның тауарлары еліміздің 5 шаһарында және Ресейдің Есілкөл, Түмен және Омбы қалаларында саудалануда.

Алексей Новиков – «Сладкая сказка» ЖШС директоры:

– Қазір бәсекелестік жоғары. Сондықтан, біз үнемі даму үстіндеміз. 2013-ші жылы біз «Аграрлық несиелік корпорациясы» арқылы несие рәсімдеп, «Кондитер Макс СК» атты серіктестікті сатып алдық. Қазір онда тауардың 100-ден астам түрі шығарылады.

Өнімді әзірлеуде пайдаланылатын шикізаттың 90%-ы – қазақстандық. Ал қалғаны Ресейден әкелінеді. Бәсекеге төтеп беру үшін мұндағылар тәтті-дәмдінің үнемі жаңа түрлерін шығарып отырады екен. Бағасы да тиімді. Салмағы 2 келіге жуық қорабтың біреуі шамамен 500-600 теңге тұрады.

Ал, мынау – былтыр ғана іске қосылған «КазМолТорг» серіктестігі. Мұнда сүт, ірімшік, қаймақ пен май өндіріледі. Өткен бір жылда ғана зауыт аталған тауарлардың 703 тоннасын шығарыпты. Қазір тұрғындар дүкендерден «Славное» сүтінің литрін 160 теңгеге сатып ала алады.

Вячеслав Котловский – «КазМолТорг» ЖШС директоры:

– Бүгінде біздің өнім тек Қазақстанда ғана емес, Ресейде де бар. Мәселен, Қорған қаласына біз аптасына 2 тоннадан 3 рет апарамыз. Болашақта күн сайын 5 тоннадан тасу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Вячеслав Котловский кәсіпорындағы құрылғыларды жаңартып, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Қазір зауыт өңірдің 18 шаруа қожалығымен әріптестік орнатқан. Ай сайын мұнда 300 тоннаға жуық сүт әкелінеді. Негізінде зауыт айына оның 800 тоннасын өңдеуге қауқарлы. Бірақ, әзірге шикізат жетіспеушілік етуде.

Ал «ЭЛТРАНС» – өңірдегі Антифриз шығаратын жалғыз серіктестік. 2002-ші жылы іске қосылған зауыттың тауары бүгінде еліміздің барлық қалаларында саудаланады. Сол себепті, кәсіпорынның басты мақсаты – тауар көлемін арттыру болып отыр. Бұл мақсатқа жету үшін бизнесмен Виталий Гусельников мемлекеттік қаржылай көмекке жүгініпті.

Виталий Гусельников – «ЭЛТРАНС» ЖШС директоры:

– Кәсібімізді одан әрі дамыту үшін несие алдық. Былтыр «Бизнестің жол картасы» арқылы 30 млн рәсімдеп, жаңа құрылғылар сатып алдым. Қазір барлығы автоматтандырылған. Негізі біз жылына Қазақстанның барлық қалаларына 300 тона тауар жібереміз.

Қазір мұнда көлікке қажетті сұйықтықтың 3 түрі шығарылады.

 

Айгерим Ержанова