Мәдениет

Н.Погодин атындағы орыс драма театрының үздік әртістері марапатқа ие болды

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Ал бұл залда орыс драма театрының тарихына көз жүгіртуге болады. Жыл сайын мәдениет ошағы өз көрермендеріне 200-дей спектакль ұсынады. Соның бірі – алғаш орыс тіліне аударылған “Шоқан Уәлиханов” тарихи драмасы. Оны 1957 жылы авторы С.Мұқановтың жетекшілігімен сахналаған болатын.

Сол уақыттан бері М.Әуезов, Ғ. Мүсірепов сынды қазақ жазушыларының шығармалары әлем классиктерінің туындыларымен қатар театр сахнасынан көрінген болатын. Бүгінде 130 жылдық тарихы бар өнер ордасында 34 әртіс жұмыс істеуде. Олар тек қала тұрғындарына ғана емес, ауылдық жерлерге де барып, қойылымдарды сахналайды.

Елена Покрас – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Қай уақытта болмасын адамдардың санасын өзгертіп, оларға жақсы жолды сілтеуде театрдың алатын орны ерекше. Себебі, сахнада актерлер шынайы эмоциямен көрермендерге белгілі бір ойды жеткізіп, мәдени және рухани тәрбие береді. Сондықтан, өз өмірімді өнермен байланыстырып, оған арнағаным үшін қуаныштымын.

Бір жыл бойы аянбай тер төгіп, көрермен алдына түрлі образдарда шыққан өнер адамдары үшін толқулы сәт те келіп жетті. ҚР халық әртісі Иван Арчибасов атындағы театр сыйлығын иелену – кез келген актер үшін үлкен мәртебе. Бұндай марапат жыл сайын олардың төл мерекелерінде ұсынылады. Биылғы жылы әртістер үшін 10 аталым дайындалған. Оның ең алғашқысына жас әртіс Мұқан Жұманов ие болды.

Мұқан Жұманов – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актеры:

– Аталмыш театрда жарты жылдай жұмыс істеп жүрмін. Осы уақыт аралығында екі басты рөлді сомдадым. Соның бірі – “Рождество алдындағы түн” спектакльдегі шайтан рөлі. Бүгін сол үшін “Ең жарқын дебют” аталымы бойынша марапатталдым. Еңбегімнің бағаланғанына өте қуаныштымын.

“Үздік басты әйел рөлі” аталымына биыл екі бірдей өнер адамы ие болды. Соның бірі – ҚР халық әртісі Людмила Ванюкова. Ол саналы ғұмырының 53 жылын театрға арнап, 200-ге жуық басты рөлді сомдаған. Театр бүгінде оның кәсібі ғана емес, өмірінің мәніне айналыпты.

Людмила Ванюкова – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актрисасы, ҚР халық әртісі:

– Менің алғашқы рөлім әлі есімде. 1963 жылы “Конек Горбунок” қойылымында құрбыларыммен артқы пландағы қыздарды сомдаған болатынбыз. Ал басты рөлімді “Мышка” деген махаббат жайлы спектакльде ойнадым. Содан бері жүздеген қойылымдарда басты рөлдерге ие болдым. Мәселен, соңғысы “Деревья умирают стоя” спектакліндегі әже рөлі, ол үшін, міне, бүгін ҚР халық әртісі Иван Арчибасов сыйлығымен марапатталдым.

Кез келген елдің мәдениеті мен тарихынан сыр шертетін киелі сахна иелерінің кәсіби мейрамы өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан тойлануда. Сондықтан, Халықаралық театр күні – актерлер үшін ғана емес, өнер сүйерқауым үшін де үлкен мереке.

Кәмәл Тұрғынова – қала тұрғыны:

– Театрға отбасымызбен жиі келеміз. Бүгін немереміз Камиланы ертіп келдік. Оны кішкентайынан өнерге баулығымыз келеді.

Мейрам Тұрғынов – қала тұрғыны:

– Театр әртістерін төл мерекелерімен құттықтаймын. Оларға денсаулық пен табыс тілеймін.

Н.Погодин атындағы орыс драма театры ҚР халық әртісі И.П.Арчибасов атындағы сыйлықты актерлерге алғаш рет осыдан 13 жыл бұрын табыс еткен болатын. Иван Петрович аталмыш театр жанындағы студияда білім алып, еңбек жолын да осы жерде бастапты. 50 жылдай кәсіби сахнада өнер көрсетіп, комедиядан өткір драмаға дейінгі түрлі образдарды шебер сомдаған ол – халықтың ерекше ықыласына бөленген.

 

Эльмира Садуакасова